Армиялық клубтың самбошыларына ТМД армияларының ойындары дайындықты аяқтауда

фото ШГБҚ

 

Шымкентте әскери қызметші-спортшылар беделді халықаралық жарыстарға – 2025 жылдың тамызында Мәскеуде өтетін жауынгерлік самбодан армия турниріне қарқынды дайындық үстінде. Турнир ТМД елдерінің ойындары аясында әскери қызметшілер арасында өтеді және кеңес құрамында болған елдердің кіл мықтыларының басын қосады. Қазақстандық самбистер барыншы дайын екенін көрсетіп, Ресейде ел намысын абыроймен қорғауға әзір.
Құрама сапы Қарулы күштер Спартакиадасы мен Спорт комитеті – ОАСК ұйымдастырған басқа да біріншіліктерде әскери қызметшілердің көрсеткен нәтижелері негізінде жасақталды. Команда жетекшісі капитан Асқар Жотабаевтың айтуынша, оқу-жаттығу жиыны барысында алға қойылған барлық міндеттер толық орындалды.
– Оқу-жаттығу жиыны 14–31 шілде аралығында өткізіліп жатыр. Басты мақсат – алдағы халықаралық жарыстарға спортшыларымыздың дайындығын арттыру. Осы уақыт ішінде команда мүшелері қарқынды дене дайындығынан өтіп, кілем үстінде техникалық әдістерді тактикалық жағынан пысықтады. Біз жекпе-жектің тік тұрып күресу кезеңіне ерекше мән бердік. Себебі жарысқа ТМД елдерінен және өзге мемлекеттерден мықты балуандар қатысады, – деп атап өтті капитан Жотабаев.
Құраманың сапында 2024 жылғы самбодан әлем чемпионы Есентай Имаханов, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері Арнұр Қуатай және басқа да танымал спортшылар бар.
Айрықша сенім Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – ОАСК спорт ротасының сарбазы, мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгер Санжар Нұрсейтке артылды. Алдағы ойындардың ашылу салтанатында ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын армия құрамасының алдында алып шығады.
– Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Тек ашылу салтанатында ғана емес, жарыс нәтижесі бойынша да ел туын көкке көтеруге үміттімін. Қорғаныс министрлігі мен Спорт комитетінің маған артқан сенімі үшін алғысымды білдіремін, – деді Санжар Нұрсейт.
Армиялық құрама жеті салмақ дәрежесінде сынға түсіп, халықаралық аренада Қазақстан Республикасы мен Қарулы Күштерінің намысын абыроймен қорғауды мақсат тұтып отыр.
ТМД армияларының әскери-спорттық ойындары тамыз айында Мәскеуде өтеді. Бұл алаң достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды спорттық іс-шара болмақ.