Арыста Қала күні мен Теміржолшылар мерекесі бір күнде тойланды. Әл-Фараби алаңына жиналған жұртты әкім Қайсар Маңқараев құттықтады. Салтанаты кеш барысында бірқатар азамат «Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Арыс жұрты қос бірдей мерекені – Қала күні мен Теміржолшылар күнін ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Әл-Фараби алаңы мерекелік көңіл-күйге толды. Шараға қала тұрғындары мен теміржол саласының ардагерлері, сондай-ақ мәртебелі қонақтар қатысты. Шаһар басшысы Қайсар Маңқараев халыққа жүрекжарды лебізін білдіріп, мейрамның мәнін атап өтті.
Шара аясында қаладағы бірқатар азамат кәсіби шеберлігі мен Арыс қаласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі іс-шараларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген тұрғындарға алғыс хаттар табысталды.
Арыста биылғы Қала күні ерекше мазмұнмен өтті. Тұрғындар экология мен тазалық мәселесіне жұмыла атсалысып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған байқауға белсенді қатысты. «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі мекеме» номинациялары бойынша үздік деп танылғандар марапатталды. Бұл бастама қаланың ажарын ашып, экомәдениетті қалыптастыруға сеп болды.
Қала күніне арналған мерекелік кеш Арыс жұртшылығына қуаныш пен шаттық сыйлап, думанды іс-шаралар легін әсем нотамен аяқтады. Кештің әсерлі сәттері көпшіліктің есінде ұзақ сақталары анық.
Лаура Бабас