Аз қамтылған отбасылардың балалары қуанышқа бөленді

фото ШӨКҚ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты комиссиясының мүшелері аз қамтылған отбасының балаларына қуаныш сыйлады. Олар жаңа оқу жылына орай әрбір балаға сөмке мен оқу жиынтықтарын табыс етті. Сонымен қатар, балалар сауда орталығындағы ойын алаңына тегін кіріп ойын ойнады. Бұдан бөлек, мультфильм көріп, қуанышқа бөленді.

Мархаба Зайнуддинова екі баланың әжесі. Ол немересін ертіп, бүгінгі іс-шараға арнайы шақыртумен келген. Оларға «Аманат» партиясы және әйелдер қанатының атынан мектепке қажетті керек-жарақтар берілді. Зейнеткер осы көмек үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өте қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл аналар үшін үлкен көмек.

Мархаба Зайнуддинова, қала тұрғыны: «Мен Сабыржанов Ахметтің әжесімін. «Аманат» ұжымына үлкен рахмет. Оған кітаптары, портфелі керек боп тұр еді. Қызымның екі баласы бар. Ол өзі асырайды. Ал мен балаларына қарап жүремін. №41 мектеп ұжымына да рахмет».

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты комиссиясының мүшелері мұндай іс-шараларды жылда ұйымдастыруды әдетке айнлдырдық деп отыр. Мақсатымыз балаларды қуантып, оларға ерекше әсер қалдыру, сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созу дейді.

Мұрат Жолдыхожаев,  «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Әйелдер қанаты бар бізде, «Аманат» партиясының ұйымдастыруымен, осындай іс-шараны ұйымдастырып, оқушыларымызға оқу жылына сый-сыяпатымызды беріп қуантып жатырмыз. Одан ары қарай ыстық тамағымыз бар. Тегін киноларымыз бар. Жастарымызды, балаларымызды қуантайық деген іс-шарамыз. Біз енді көпбаллы, жағдайы төмен отбасыларға беріп жатырмыз. Жетім балаларда бар».

Жаңа оқу жылы басталғанша 2 мыңнан астам балаға қажетті мектеп құрал-жабдықтары берілетін болады. Бүгінгі іс-шара барысында 150 -ге жуық бала қамтылды. Олар бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып, кино көруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тарапынан, ойын алаңында көңіл көтерді.

Нұргүл Жолымбетова