«Азаматтарға арналған үкімет» Оңтүстік өңірі қызметкерлерінің спартакиадасы

фото ААҮБҚ

 

3 тамыз 2025 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20-жылдығына орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері арасында оңтүстік өңірлік спартакиадасы өтті.

Іс-шара Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары филиалдарының командаларының қатысуымен «Металлург» спорт кешенінің базасында өтті. Командалар өзара келесі жарыс түрлері бойынша бақ сынасты: футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат және арқан тарту.
Спартакиаданы салтанатты түрде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек ашты.

Мұндай шаралардың ұйымдастырылуы қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, өзара ынтымақтастық пен корпоративтік рухты нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Жарыс қорытындысы бойынша Шымкент филиалының командасы барлық спорт түрлері бойынша бірінші орындарды иеленіп, жоғары дайындық деңгейі мен ұйымшылдықты көрсетті. Екінші орынды Түркістан облысының командасы иеленсе, үшінші орын Қызылорда облысының командасына бұйырды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Жеңімпаз болған Шымкент қаласы филиалының командасы спартакиаданың республикалық кезеңіне қатысып, Оңтүстік өңір атынан ел деңгейінде үздік атану үшін бақ сынайтын болады.