Жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте оқу міндетті ме?

38
фото 365info.kz

Жүргізуші куәлігін алу талабына өзгеріс енді. Енді сіз теориялық емтиханнан өту үшін берілетін 3 мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмасаңыз, не істейсіз? Ал практикалық сынақтан 3 рет құлап қалсаңыз, салдары қандай болмақ? 

Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыруыңыз керек. Оған берілетін 3 мүмкіндіктен де мүлт кетсеңіз, құжатты одан кейін алуға да болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалынң мамандары мұның жолын түсіндірді.

Нұрхан Бейсейітов, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы мамандандырылған №1 бөлімі басшысының орынбасары: «Теорияға кірген кезде жалпы 3 мүмкіндік беріледі. Мысалы, бірінші мүмкіндікті бүгін пайдаланып, тестке кіріп құлап қалса, 2-ші мүмкіндікті пайдаланып, ертеңіне қайта тестке кіре алады. Ал екінші күні де құлап қалса, араға 1 ай уақыт салып тапсыру керек. 1 айдан кейін үш мүмкіндікте де құлап қалса, онда араға 2 ай салып, автомектептерге барып оқу керек. Бізге арнайы куәлікпен келіп, қайтадан басынан тапсырады»

Бұл талап практикалық сынаққа да қатысты. Ескеретін бір жайт, бұл жерде 3 мүмкіндікті де пайдалана алмасаңыз оның салдары да оңай болмайды.

Нұрхан Бейсейітов, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы мамандандырылған №1 бөлімі басшысының орынбасары: «Үш рет автодром сынағынан құлаған үміткердің теория нәтижесі автоматты түрде күйіп кетеді. 3 рет мүмкіндігін дұрыс пайдалана алмаған, автодромға сынақ тапсыруға келген үміткер басынан теория тапсыруға міндетті» 

Енгізілген жаңа талап бойынша тестілеуге кіргендердің бірі – Әбдісалам Тұрғанбай. Алғашында тестілеуден өте алмаған ол, бүгін екінші рет бағын сынап отыр.

«Алғашында тапсырып көргенде құлаған едім. Осы жолы жақсы тапсырдым.  Үйде дайындалып, интернеттен жол жүру ережелерін жаттап, қайталағаннан кейін бүгін тесттен өттім. Сұрақтар қатты ауыр емес, дайындалған жанға оңай. Енді ертең көлік жүргізуге  келемін» ,- дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әбдісалам Тұрғанбай.

Қазір жүргізуші куәлігін дайындау үшін мемлекеттік баж алымы – 1,25 АЕК құрайды. Айта кетейік, былтыр қаламызда 121 мыңнан астам көлік иесі жүргізуші куәлігін алған.