Бүгін Шымкентте сот қала әкімдігінің алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жаралаған Ернар Жиембайды «Адам өлтіру» бабымен 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы сот үкімімен келіспейді. Бірақ апелляциялық шағым беретіні не бермейтіні беймәлім.
«Сот үкім етті. Жиембай Ернар Жиембайұлы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі арқылы 99-бабы 1-бөлігімен жасаған қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».
Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімдігінің алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембайдың ісін, қарап бітті. Сот оны 9 жылға түрмеге жапты. Ол жазасын қауіпсізідігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Оның сот үкімі заңды күшіне енгенге дейінгі қамаудағы бір күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелінетін болды. Сотталушы үкіммен келіспеймін деді. Айтуынша, оның адам өлтіруге пиғылы болмаған. Сотталушы үкім «Адам өлтіру» бабымен емес, «Денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабымен шығуы керек деп есептейді.
Ернар Жиембай, сотталушы: «Қысқаша айтайын, бірінші мені шақырды. Себепсізден себепсіз дөрекілік көрсетті. Намысыма тиіп, тұрып жағамнан ұстады. Қалалық құрылыс басқармасының басшысына «Жиембайды соттатамын, себебі көмекшіме мінез көрсетті» деген. Екіншіден ол кісімен жолығуға жол іздеген себебім ол кісі Форбста тұрған адам. Билікте адамы көп, мәжілісте депутат болған. Мақсатым жұмыста қалдыру емес, арамызда қарым-қатынас дұрыс болсын деп кіргем… 21 сәуір күні де мен өзім бармадым, ол өзі шақырды. Берденов намысымды таптады менің».
Үкімге байланысты жәбірленуші Руслан Берденовтің заңды өкілі Жеңіс Тыныбектен пікір алу мүмкін болмады. Ал сотталушының әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы үкімге апелляциялық шағым түсіретіні, не түсірмейтінін ақылдасамыз деді. Ол «Келінімнің жан-дүниесін қинамай, лайк басудан арысын айтпадық, балам бәрін ішіне жұтып кетті» деп мәлімдеді.
Жиембай Пірәлиев, сотталушының әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы: «Ол кісі шекарасынан өтіп кетті. Келінім өсіп-өнген жердің қызы. Соған лайк басып, тағы да басқа әрекеттер бар, оның бәрін балам отбасын сақтап қалу үшін ішіне жұтып кетті. Сіздер оны жала жапты деп ойламаңыздар. Ол болған нәрсе. Ол кісінің ең бірінші қателігі өзінің тәкаппарлығынан деп ойлаймын. Келініміздің жан-дүниесін қинамайық деп балама да бірнеше рет келін туралы айтпай-ақ қойшы, 25 жыл берсе де алып кете берші деп өтініш жасадым. Көп нәрселер айтылмай тек лайк басуды айтумен шектелдік».
Айта кетейік, сот тергеуі 6 тамызда басталған. Ал оқиға 21 сәуірда қала әкімдігі ғимаратының алдында болды. Сотталушы Жиембай қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, ауыр жарақаттаған болатын.
Дилара Иса