«Мектепке жол» акциясы аясында 500 бала оқу құралдарын алды

Шымкентте «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шарасы жалғасуда. Демеушілердің қолдауымен қала мешіттерінде 500 — ге жуық оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар таратылды. Бұдан бөлек, киім-кешекпен де қамтамасыз етіледі. Бұл игі бастама қаладағы өзге аудандарда жалғасын таппақ.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында дәстүрге айналған «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы жалғасуда. Қала мешіттерінің бастамасымен ұйымдастырылған игі іс-шара барысында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға мектепке қажетті құрал-жабдықтар үлестірілді. Биылғы акцияның алғашқы кезеңінде орталық мешітте 500-ге жуық отбасы қамтылды.

Бағдәулет Абдірахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «Жылдағы үрдіс дәстүр бойынша біздің қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып жатыр. Бұл қайырымдылық шарасы осы орталық мешітте 500 — ге жуық отбасыға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүгедектерге жалпы сондай әлеуметтік жағдайы жоқ отбасыларға осындай демеушілердің есебімен 500-ге жуық отбасыға сөмке, оның ішіндегі керек жарақтар дәптерлер, сызғыштар сондай керекті нәрселер таратылып жатыр».

Имамның айтуынша, көмек қажет болған отбасылар мешітке келіп алдын ала тіркеледі. Ол жердегі арнайы комиссия әр отбасының әлеуметтік жағдайын растайтын болады. Бұған қоса, әкімдік ұсынған ресми тізім бойынша да көмек көрсетіледі. Мұндай қолдау ата-аналардың жүгін жеңілдетіп, балалардың оқу жылын алаңсыз бастауына мүмкіндік береді дейді ұйымдастырушылар.

Дәурен Тасқараев, «Ақмешіт» бас имамының кеңесшісі: «Қазір білесіңдер ғой мектеп құралдарының бәрі қымбат. Енді кейбір үйде 4-5 бала мектепте оқиды. Оны есептеп қарасаң киімімен қосқанда бір балаға 50 мыңнан кем кетпейді. Ал мынау сәлде болса жәрдем. Оны өзім де көрдім. Немереме алдым әшейін жеңілдеп алғанның өзінде 10 мың ақшам кетті. Ата-аналар разы. Бәрі разы болып кетіп жатыр».

Айта кету керек, былтыр 3500 -ге жуық жанұяға көмек көрсетілген болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш саны артады деп жоспарланып отыр.

Ботакөз Әнуар