«Намысыма тиіп, қаматамын деді»: Берденовке қатысты басты сот отырысы талқылауы басталды

Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты іс бойынша басты сот талқылауын бастады. Іс бойынша айыпталушы деп қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай танылған. Іске жәбірленуші Берденов денсаулығына байланысты келмеді. Айыпталушы сотта оқиғаға қызғаныш, Берденовтің ар-намысына тигені мен қысым көрсеткені сеп болғанын айтты.

«Берденов ота жасатуға дайындалып жатыр. Оның өкпе, бауырында оқ дәрі бар. Оны ота жасап шығарып, оңалту керек».

Бүгін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты іс бойынша басты сот талқылауы басталды. Іс бойынша айыпталушы ретінде қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай танылған. Оны сотқа айдауыл жеткізді, ал жәбірленуші іске келмеді. Айыпталушының қорғаушылары Берденовтің сотқа қатысуы маңызды деді.

«Жәбірленушінің өкілі ұсынған құжатта оның денсаулығына байланысты сот алдында жауап беруге мүмкіншілігі жоқ деген бір ауыз сөз жоқ. Одан бөлек тергеу құжаттарында жәбірленушіден екі рет жауап алынған. Бірінші жауабы мен екінші жауабының арасында қарама қайшылықтар бар. Сондықтан мүмкіндігінше жәбірленушінің сотқа келіп жауап беруін сұраймыз».

Жәбірленушінің заңды өкілі Жеңіс Тыныбек Руслан Берденов ота жасатуға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, оның өкпе, бауырында оқ дәрі бар. Оны ота жасап шығарып, оңалту керек.

«Сот қанша уақытқа созылатынын білмейміз ғой. Тергеу кезінде позицияңыз басқа еді, қазір тағы өзгеріп жатыр, сот тергеуінде тағы өзгеруі мүмкін. 5 рет оқ тиген ауырып жатқан адамды сотқа шақыру адамгершілікке жатпайды. Берденов денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайды».

Сотта бірінші айыпталушы Ернар Жиембайдан жауап алынды. Ол айыпты ішінара мойындайтынын айтты. Бірақ оқты қорқыту мақсатында атқанын, Берденовті өлтіру ойы болмағанын жеткізді. Жиембай оқиғаға дейін Берденов кабинетіне шақырып, ар-намысына тигенін, соттатамын деп қысым жасағанын мәлімдеді.

Ернар Жиембай, айыпталушы: «Мен әкім орынбасары болып келдім сенім өзім шақырмасам, сенің келетін ойың жоқ қой. Қайдан шыққан дәусің сен, мұрынбоқ деді. Сенің түрің қандай қандай өзі? Шаштарың түсіп қалған. Қайдан келгенсің өзің?», — деді. Көңіліме тиіп кетті. Бірақ ол кісіге артық сөз айтпадым. «Жұмыста осылай киінесіңдер ме сендер?» деді. Жағдайды түсіндірейін десем, уын шашып жібереді. Қабылдамай жатты. Мен сөйлеймін, ол жерге кіргізеді».

Жиембайдың айтуынша, бұған қоса Берденов әйелінің әлеуметік желідегі парақшасына лайк басып әдемісің деп пікір білдірген. Жанжал кезінде әйелі оған Берденов сияқты күйеуі болуын қалайтынын айтқан. Бұған ашуланған ол ажырасуға арыз тастаған. Отбасылық жанжал кезінде Берденов қайта кабинетіне шақырған.

Ернар Жиембай, айыпталушы: «Кабинетіне кірдім, ең ашуланған жерім сол болды.  Сен арыз жазбаймын деп жатыр екенсің ғой. Ернар сені қаматамын. Әйелің әдемі екен. Қамаласың әйелің жезөкше болады, балаң жетім қалады. Саған сол керек пе?» деді. Үндемедім, бірақ ашуландым. Боқтау сөздер айтты. Кім не айтқанын білмеймін. Сізді құрметтеймін. Мені қаматамын дегеніңізді түсінбедім. Не үшін маған тіс қайрап тұрсыз? Не істедім сізге? Әйеліме лайк басқаныңызды көріп, қызғаныш сезімдерімді айтып жатқан жоқпын десем, «сен әйеліңді маған жабыстырма. Қатыныңа ие бол. Өзіңе сенімсіз еркексің ғой» деп менің айтқанымды басқа жаққа бұрып кетті».

Жиембай Берденовке оқты қорқыту мақсатында атқанын, оны өлтіру ойында болмағанын мәлімдеді. Сот тергеуі жалғасып жатыр. Іске куәлер жауап беріп жатыр. Олардың ішінде қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жүргізушісі де бар.

Айта кетейік, 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алған. 5 рет оқ атты деген күдікке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры Ернар Жиембай күдікке ілінген. Полиция оны оқиға орнында ұстап, қамауға алған.

Дилара Иса