Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атып, жаралаған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембайдың ісі бойынша жарыссөз өтті. Берденов денсаулығына байланысты онлайн жауап берді, ал прокурор соттан Жиембайды 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жиембай кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді
«Сотталушы Жиембайдың көрсетіп отырған жауаптары қылмыстық жауаптан жалтару және жеңіл жазамен құтылу мақсатында беріп отырғанын айтуға болады»
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қала әкімдігі ғимаратының алдында 5 рет оқ атып, жаралаған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры, 31 жастағы Ернар Жиембайға қатысты сот тергеуі аяқталды. Жарыссөзде прокурор соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Десе де екі тарап та прокурордың айыбымен келіспеді. Жәбірленушінің заңды өкілі Жеңіс Тыныбек айыпталушы Ернар Жиембайдың кінәсі толығымен дәлелденді деді. Айыпталушы тарап, ісі «Адам өлтіру» бабымен емес, «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабымен тануды сұрады.
Ал жәбірленуші қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов бүгін сот тергеуіне онлайн қатысты. Ол бұған дейін денсаулығына байланысты іске қатыспаған. Айыпталушы қандай үкім шығаруды соттың өзіне қалдырды. Ал айыпталушыға кешірім бермеймін деді.
Руслан Берденов, жәбірленуші: «Дәл қазір менің денемде 61 бытыра, оның екеуі жүрегімнің, үшеуі бүйірімнің, бірі бас артериясының қасында тұр. Мені Алла құтқарды. Өкпемнің 20 пайызын алып тастады. Бауырымды шашып, қайта жинады»
Руслан Берденов оқиғаның қалай болғанын сотта баяндап берді. Айтуынша, Жиембайды өмірде үш рет көрген. Ол жұмысын аяқтап, әкімдік ғимаратынан шыққаннан оқ атыла бастаған.
Руслан Берденов, жәбірленуші: «Бірінші оқ атты, тура бастан. Отырып үлгердім, басымның үстінен оқтың ұшқанын естідім. Қараңғы жаққа қарай ұмтылдым. Артымнан төрт оқ атылды. Мен жерге құладым. Қасыма келді да тағы да мылтығын оқтап жатты. Сөйтіп мен қансырап, өз өзіме қазір тұрмасаң өлесің дедім. Бір қолым істемейді, қансырап тұрды. Тұрып, Жиембаймен алыстық. Қарудың жерге құлағанын естідім. Содан кейін Жиембай екі қадам артқа шегініп, қашуға әрекеттенді. Сол мезетте жүргізушім көлігімен қақты. Жиембай қашты. Одан кейін мен құладым».
«Жиембайдың әйелін танисыз ба? Оған Инстаграм немесе өзге де әлеуметтік желілерде лайк басып не пікір жазғаныңыз бар ма?»
Сонымен бірге Берденов бұған дейін Жиембайдың сотта берген жауабын жоққа шығарды. Тек киіміне қатысты ескерту айтқанын жеткізді. Ол жәбірленушінің әйелін танымайтыныны, мұны қажет болса полиграфпен, не дедектрмен дәлелдей алатынын жеткізді. Ол оқ ату себебін жұмыспен байланыстырды.
Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған.
Дилара Иса