Қарабастау шағынауданы газ жүйесіне қосылды

фото ШӨКҚ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қарабастау шағын ауданы тұрғындарымен бірге табиғи газды іске қосуға қатысты. Жобаны жүзеге асыру 1408 үйді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, бұл жергілікті тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға тікелей әсер етеді.
Осы уақытқа дейін 9 мыңға жуық адам тұратын шағынаудан орталықтандырылған газбен толық қамтылмаған. Жауаптылар мен мердігер ұйымдардың бірлескен әрекеттерінің арқасында ауқымды жоба сәтті аяқталды.
«Газдандыру — бұл жүйеге қосылу ғана емес, шағын ауданның өмір сүру сапасын жақсартуға және орнықты дамуында маңызды қадам», — дей келе қала басшысы игі іске үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
Газға қосылу тұрмыстық жағдайды едәуір жақсартады және қатты отынды пайдалануды азайтады, бұл экологиялық жағдайға да оң әсер етеді.

Бұдан кейін Шымкен қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков табиғи газдың шығу қаупін қашықтықтан анықтауға арналған лазерлік технологиялармен жабдықталған зертхананың жұмысымен танысты. Елдімекендерді газдандыруда қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызы зор. Бұл ретте заманауи ДЛС-АВТО («Пергам») мобильді зертханасы ұтымды шешім ретінде қаралып отыр.
Зертхана жүйелері
60 метрге дейінгі қашықтықта метан газын дәл анықтайды.
Жер асты газ шығу қаупін контактсыз диагностикалайды. Бұл төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек газдың шығуын қашықтықтан анықтайтын озық жүйені республикада алғашқылардың қатарында Шымкент әкімдігі жүзеге асырып отыр. Бұл мегаполистің инженерлік жүйелерін дамытып, қауіпсіздік шараларын қамтуда маңызды қадам болып табылады.