Әлеуметтік желі қолданушыларын үрейлендірген көпір жуырда жөнделеді

622

Әлеуметтік желі қолданушыларын үрейлендірген көпір жуырда жөнделеді. Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері нысанды осы аптада қайта қалпына келтіреміз деп сендіріп отыр. Біздің арна тілшілері Қарабастау елдімекенінде болып, көпірдің жайын көзбен көріп қайтты.

Осы жерден талай бала жарақат алды деп шағынған жұрт өткелден өтуге қауіптенеді екен. Шұрық тесік болған көпірді түсіріп алған Руслан Түрімбетов есімді азамат бейнежазбаны бізге жолдаған. Ватсап желісімен келген бұл түсірілім жергілікті билік өкілдеріне де жеткен. Алайда, атқамінерлер әлі күнге қайта қалпына келтірмеген.

 

 

 

 

 

Ұзындығы 20 метрді құрайтын көпірден жұртшылық жандарын шүберекке түйіп әрең өтеді. Бұл өткелден көбіне мектеп оқушылары мен аялдамаға асыққан жолушылар жүреді екен. Тұрғындар әсіресе түнгі мезгілде бұл маңнан өтуге қауіптенеді. Жарықшам алып жүруге тура келеді дейді олар.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері де өткелдің жайынан хабардар болып шықты. Жауаптылар қазір құрылыс саласы мамандарымен бірлесіп, қауіпті өткелді қайта қалпына келтіру үшін тиісті жұмыстарға кіріскендерін айтады.

Абай Тұрханов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Қазір ақаулар анықталу үстінде. Аяқ жолдарды қайта қалпына келтіреміз. Қазір құрылыс басқармасымен жұмыстар жүргізіліп жатыр».

Құрылыс пен жол саласы мамандары көпірді қайта қалпына келтіргенше, тұрғындарға шұрық-тесік өткелден қатынай тұруына тура келеді. Жергілікті атқамінерлер келер жылы Бадам өзені маңын абаттандыру кезінде нысанның күрделі жөндеуден өтетінін айтып сендірді.

Мақпал Рысбаева