Кентаудағы «Отбасын қолдау орталығы» көмекке жүгінген тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жыл басынан бері мекемеге 200-ге жуық адам өтінішпен келген. Қызметкерлер қиын жағдайға тап болғандарға психологиялық және құқықтық көмек берумен қатар, уақытша баспана ұсынып отыр.
Отбасын қолдау орталығына 200-ге тарта кентаулық тұрғын келіп жүгінген. Оларға 300-ден аса қызмет көрсетіліпті. Соның бірі күйеуі күш көрсеткен келіншек дейді мекеме психологы. Оның сөзінше жәберленушіні 3 баласымен үйінен түнде шығарып жіберген. Ауыр жағдайға түскен әйелді паналатқан нысан қызметкерлері екі жақты сөйлесіп, отбасының қайта жарасып кетуіне септігін тигізген.
Орталық қызметкерлері әлімжеттік, отбасылық-тұрмыстық қатынас барысында орын алған құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 3 кездесу өткізді. Онда 200-ге жуық тұрғында түсіндірме жасалған. Психолог маман мекемеге жүгінген жандарға қолдау көрсету басты міндеттері екенін жеткізді.
Уақытша тұру ұйымына тұрмыстық зорлық-зомбылақ белгілері бар 4, өмірлік қиын жағдайға тап болған 8 отбасы мен 3 жасөспірім орналастырылған. Оларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді. Қазір 2 жасөспірім Сайрам ауданындағы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жіберілген. Мамандар көмекке мұқтаж әр адамға қол ұшын созуға дайын екенін айтады.
Сонымен қатар, орталықтың ұйымдастыруымен 13 отбасыға азық-түлік себеті таратылды. Сондай-ақ, мекемеде екі рет ашық есік күні өткізілген. Шара барысында заңгерлер 33 құқықтық, ал психологтар 34 кеңес берген.
Әсел Мәлік