«Құқықтық көмек»: Тұрғындарды толғандырған мәселе – партия назарында

фото ШПД

«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Тұран ауданына қарасты Жаңаталап елдімекенінде көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, туындаған даулы мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу және тұрғындармен тікелей кері байланыс орнату.

Қабылдауға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, мәслихат депутаттары Муфтулла Қонақтаев, Талғат Балтабаев, Абзал Зейнетаев, Тұран ауданы әкімдігінің мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар мен сот орындаушылар қатысты.
Тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі инфрақұрылым саласына қатысты болды. Атап айтқанда, Қорғанжар көшесінің тұрғыны Абдухалал Ардақбаев:
«Біздің басты мәселеміз – көшеге асфальт төселмегені. Жауынды күндері лай, жазда шаң. Осы жағдайды шешіп берсеңіздер», – деп шағымданды.
Бұл мәселе бойынша Ербол Байқонысов:
«Қорғанжар көшесіне асфальт төсеу жоспарда бар. Жалпы, 2025 жылы қала бойынша 170 шақырым жол салынады. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 79%-ға жетеді. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 85%-дан асады. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр және партия бақылауында болады», – деп жауап берді.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғын Сүлеймен Қожамқұлов елдімекенге спорт кешенін салып беруді ұсынды.
«Балалар көрші аудандарға қатынауға мәжбүр. Өзіміздің елдімекенде спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ», – деді ол.
Депутат Талғат Балтабаев бұл мәселе назарға алынатынын және тиісті басқармаларға ұсыныс түсірілетінін айтты.
«2027 жылға дейін қалада 100 ашық спорт алаңының құрылысы жоспарланған. Соның 32-сі Тұран ауданына тиесілі. Бұл ұсынысты әріптестеріммен бірге қозғап, нақты шешім қабылдау үшін жұмыс істейміз», – деді депутат.
Қоғамдық қабылдау барысында көгілдір отын тарту, көше жарығы мен жол белгілерін орнату, қоғамдық көлік бағыттарын ұлғайту жөнінде де ұсыныстар айтылды. Барлық өтініштер хаттамаға енгізіліп, сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.
Кездесулерде көтерілген мәселелерге талдау жасалып оның қорытындысы Мәжілістегі Amanat фракциясына жолданып отырады. Мақсат — қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру.
Іс-шара қорытындысында аталған мәселелердің барлығы партия бақылауында болатыны, ал тұрғындармен кездесулер алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.