Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл бағытта Шымкент қаласында атқарылып жатқан шаруалар да ауқымды. Мәселен, «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күндері» акциялары іске қосылды. Үшінші мегаполисте жалпы саны 100 000 мыңнан астам адамды қамтитын 500-ден астам ақпараттық бағыттағы түсіндіру іс-шаралары өткізілді.
Шымкентте халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған түрлі бастамалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында азаматтық құқықтар, қылмыстық және әкімшілік заңнама, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша семинарлар өткізілуде. Бұл іс-шараларды қалалық билік органдары да, үкіметтік емес ұйымдар да ұйымдастырады. Қалада ұдайы халыққа, тегін заңгерлік кеңес беретін, заңгерлердің мобильді топтары жұмыс істейді.
Ақпараттық науқандар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және сыртқы жарнама арқылы жүзеге асырылады, құқықтық білімді насихаттауға және азаматтарды олардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттандыруға бағытталған. Үкіметтік емес ұйымдар адам құқықтарын қорғау, бала құқықтарын қорғау, еңбек және тұрғын үй құқықтары бойынша арнайы тренингтер мен семинарлар өткізуде. Шымкентте өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсететін орталықтар бар.
Бүгінде интернет алаяқтардың көбейіп кеткені жасырын емес. Соған орай құқықтық сауаттылықпен қаруланған адам оларға дес бермесі анық. Сондықтан да бүгінде осы бағытта ақпараттық түсіндірме жұмыстары қарқын алып отыр.
«Әрбір цифрлық реформа, әсіресе, заң көмегіне қол жеткізу шектелген шалғай аймақтардағы адамдар үшін неғұрлым қолжетімді сот төрелігіне жасалған қадам», — деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде Шымкент қалалық соты және полиция департаменті тарапынан көптеген алдын алу шаралары қарқынды түрде жүргізілуде. Жуырда ғана Шымкент қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «Халық заңгері» акциясы өткен болатын. Одан бөлек, «Контрафакт», «Қару», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Алдағы уақытта аталмыш бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.