«Құрақ құрау – өнердің сарқылмас қайнар көзі». ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен арнайы іс-шара өтті. Мақсат — қазақ халқының бай мұрасы қолөнер дәстүрлерін жаңғыртып, жастарға насихаттау. Сонымен қатар, ұрпақтар сабақтастығын сақтау болды. Іс-шарада дәстүрді дәріптеп, асыл мұрамызды келешек ұрпаққа насихаттап жүрген жандар марапатталды.
Алматы қаласының Медеу ауданында Гиннес рекордтар кітабына енген құрақ көрпе көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық қолөнерді ұлықтауға бағытталған іс-шара барысында алып құрақ көрпе ерекше әсер қалдырды. Бұл жоба қазақтың дәстүрлі құрақ құрау өнерін әлемдік деңгейде насихаттауды мақсат етті. Іс-шара аясында тұрғындар құрақ құрау процесімен танысып, қолөнер шеберлерінің жұмысын тамашалады. Солардың бірі, бала кезден құрақ тігумен айналысатын 75 жастағы Жібек Орынбаева. Ол бүгінде келініне ұлттық өнерімізді үйретіп, тігіс тігуге, құрақ құрауға баулып келеді.
Жібек Орынбаева, зейнеткер: «Өнер ешқашан өлмеу керек. Қызға жасау бергенде, құралып жақсы болсын деген ниетпен жасау берген. Мен қазір келініме үйретіп жатырмын. Жалғасын табады».
Әлемдік рекорд орнатып, үлкен көлемдегі ұлттық композицияны жасап шыққан қолөнершілердің еңбегі еленді. Олардың бірі алғыс хатпен марапатталса, енді бірі «Ерен еңбек иесі» медалімен награтталды. Солардың бірі «Аламан» құрақ жобасының қалаушысы — Нұргүл Абайхан. Оның айтуынша, мұндай жоба болашақ жастар үшін қажет. Өйткені, келешек ұрпақ ұлттық құндылықтарымызды біліп өсуі тиіс.
Нұргүл Абайхан, «Аламан» құрақ жобасының қалаушысы: «Осы салт-дәстүр орталығына үлкен рахмет айтамын. Үшінші рет келіп отырмын. Шымкент әкімшілігіне рахмет. Өздеріңіздің қолөнершілерге қолдау көрсетіп жатырсыздар. Биыл Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан 101 құрақшы қатысты. Рекорд жасады. 660 құрақшы жиналса, 101 осы жерден. Қазақтың кеңпейілділігін көрсету болған. Ол орындалды. Өйткені биыл біз дүниежүзілік рекорд орнаттық. Медеу мұз айдынында ғажап көрініс болды. Әлемді таңғалдырдық. 6 жастан 90 жасқа дейін қатысты. 90 жастағы атамыз қатысты. Батасын берді».
Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жобада 660 көрпеше дайындалды. Оның ұзындығы 230 см болса, ені 90 см құрады. Композицияның жалпы ауданы – 1366 шаршы метр. Бұл іс-шараға Қазақстанның барлық аймағынан 6 жастан 90 жасқа дейінгі 100-ден астам шебер қатысты. Олармен бірге балаларда барып, ұлттық өнерімізді дәріптеуге өз үлестерін қосты.
Құрақ, тек көркемдік бұйым емес, ол ұрпақтан-ұрпаққа ежелден жалғасып келе жатқан өнер және шежіре. Сондықтан, құрақ құрау үшін сабырлық пен ептілік қажет дейді ұйымдастырушылар. Сонымен қатар, анадан балаға берілетін өнердің белгісі.
Нұргүл Жолымбетова