Сайрамда заңсыз электронды темекі шығарған екі адам сотталды

Түркістан облысы, Сайрам ауданында заңсыз электронды темекі шығарған екі адам анықталып, түрмеге тоғытылды. Сот оларға айыппұл салды. Сотталушылар кінәсін толық мойындаған. Күдіктілер, заңсыз істеген 9 айда 38 миллион теңге пайда тапқан. Сотталушылардың бірі тапқан пайдасына көлік сатып алып үлгерген.

Түркістан облысы Сайрам аудандық соты электронды темекіні заңсыз шығарған екі адамға үкім шығарды. 46 жастағы Рустам Омашевты Қылмыстық кодекстің «Улы заттардың, сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы» бабы, ал 38 жастағы Элёр Ташпулатовты дәл осы бапқа қоса «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» бабымен кінәлі деп таныды.

“Рустам Рафаилович Омашев кінəлі деп танылып, 3 932 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалсын. Онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы Элёр Аманбекович Ташпулатовқа түпкілікті қылмыстық жолмен табылған ақшаға сатып алынған мүлік «TOYOTA HILUX» маркалы автокөлікті мемлекет пайдасына тəркілей отырып, 7 864 000 теңге айыппұл салу жазасы тағайындалсын”.

Сот кабинеті жүйесі

Оған қоса сотталушы Омашевтің қылмыс жасау құралы деп танылған жабдықтары мемлекет пайдасына тəркіленді. Сотталушыларға айыппұлды төлеуге 2 ай уақыт берілді. Егер төлемеген жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатыны ескертілді. Олар кінәсін толық мойындаған.

«2024 жылдың қаңтар айында сотталушылар өздері ашқан серіктестіктің атына, өнімді автоматты түрде орайтын құрал-жабдықты, темекі бұйымдарына арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды тапсырыс беру арқылы шетелден сатып алған. Сонымен қатар, вейп табагінің өнімін және оны ұсақтайтын машинаны тергеумен анықталмаған тұлғадан сатып алған. Ақсукент ауылында орналасқан ғимараттың бірін жалға алып, құрал-жабдықтарды сонда орналастырған. Вейп-темекі өнімін шығару үшін жалпы 11 жалдамалы жұмысшыларды жұмысқа қабылдаған»

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Сотталушылар заңсыз әрекетін 2024 жылдың маусым айынан бастап 2025 жылдың наурыз айына дейін жалғастырған. Олар бас-аяғы 38 миллион теңгеден астам пайда тапқан. Сот кабинеті жүйесіне қарағанда, үкімге қатысты тараптар апелляциялық шағым түсірмеген.

Дилара Иса