Серозды менингит – ми қабықтарының қабынуымен сипатталатын қауіпті жұқпалы ауру. Ол көбіне энтеровирустардан туындайды және әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Ауру жеңіл түрінде өтсе де, асқынған жағдайда денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді.
Мамандардың айтуынша, серозды менингиттің таралу жолдары әртүрлі: ауа-тамшы арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде), тұрмыстық заттармен жанасу кезінде, сондай-ақ лас қол мен дұрыс жуылмаған тағам арқылы жұғады. Сондықтан санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау аса маңызды.
Алдын алу шаралары:
• Қолды үнемі және мұқият жуу;
• Жеміс-жидек пен көкөністі тек таза сумен шаю;
• Тек қайнатылған немесе сүзілген су ішу;
• Жеке гигиена құралдарын (сүлгі, ыдыс, ойыншық) ортақ пайдаланбау;
• Балаларды таза ауада көбірек серуендетіп, дұрыс тамақтандыру арқылы иммунитетін нығайту.
Білім беру ұйымдарында да алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс: науқастарды оқшаулау, қол жуу бұрыштарын ұйымдастыру, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау – індеттің алдын алудың басты кепілі.
Дәрігерлер ескертеді: аурудың алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, жүрек айну, құсу, әлсіздік байқалған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Серозды менингит – алдын алуға болатын дерт. Әрбір ата-ана, ұстаз және жауапты азамат тазалық пен сақтықты күнделікті өмір салтына айналдырса, қауіпті індеттің таралуына жол бермейміз.
А. Ағажанова,
Абай СЭЭБ бас маманы