Биыл Шымкентте 28 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Ал, жалпы 397 мың оқушы жаңа оқу жылын бастамақ. Дайындықта қарбалас. Алайда кейбір мектептер әлі де жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұл балалардың жаңа оқу жылын бастауына кедергі келтірмей ме?
Биыл 28 мыңнан астам шымкенттік бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Қалада жаңа оқу жылына дайындық қарбалас. Оқулықтар түгел жеткізіліп, балаларға үлестіріліп жатыр. Әлеуметтік осал топтағы оқушыларды киім-кешекпен қамту да назардан тыс қалмаған дейді сала басшысы.
Гүлнәз Сүлейменова, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Мектепке жол республикалық қайырымдылық акциясы бойынша мемлекеттік мектептердегі 56 430 балаға мектеп формасына көмекке 2 млрд. 624 млн. қаржы қарастырылды. Қазір ол бойынша толығымен ата-аналарға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылғы ережеге сай қосымша жекеменшік мектептерге де осы санаттағы балаларға қосымша қаржы қарастырылды».
Ал қаладағы бірқатар мектепте жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Әсіресе еденді ауыстыру, сыныптарды сырлау, шатырды жаңарту секілді шаруалар қолға алынған. Биылдың өзінде он білім ордасы толық жөндеуден шықса, тағы алтауы жаңадан бой көтеріп келеді.
Гүлнәз Сүлейменова, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Жаңа оқу жылына Таскендегі, Тельмандағы 2 жаңа мектеп, және де №50 мектепке қосымша ғимарат берілгелі отыр. Соны жоспарлап отырмыз. Одан басқа 3 мектептің құрылысы әрі қарай жалғасын табады».
Жаңа оқу жылында қала бойынша қанша мектеп дайын, қаншасында жөндеу аяқталуы керек – оның барлығы қатаң бақылауда. Білім саласы басшыларының айтуынша, бірінші қыркүйекке дейін барлық мектеп оқушыларды қабылдауға толық дайын болады.
Лаура Бабас