Шымкент әкімінің 78 білім грантына қайта конкурс жарияланды

Шымкент қаласы әкімінің 78 білім грантына қайта конкурс жарияланды. Бұл жолы білім грантына тек қала мектептерінің түлектері емес, өзге өңірдің жастары да бақ сынай алады. Әкімдіктің бұл үшін өз талабы бар. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң 3 жыл Шымкентте жұмыс істеуі міндетті. Білім грантына конкурс қашан, қалай өтеді? 

Биыл Шымкент қаласы әкімі қала мектептерінің түлектеріне жоғарғы оқу орындарында оқу үшін 285 білім грантын бөлген. Оның 207-сіне үміткер табылып, талапкерлердің тізімі бекітілген. Қалған білім гранты иесіз тұр. Бұл гранттарға түлектерден ұсыным болмады дейді Сәрсен Құранбек.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Сол себепті біз осы 78 грантқа қайтадан конкурс жариялауды ұйғардық. Бұл жерде шартты сәл өзгертіп отырмыз. Енді бұған Шымкент қаласының түлектері ғана емес, жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін 3 жыл Шымкент қаласында жұмыс істегісі келетін кез-келген үміткерге, талапкерге осы орындарды ұсынамыз».

Қала әкімінің орынбасары мұның себебін қажетті мамандық иелерінің тапшылығымен байланыстырды. Айтуынша, мысалы, инжинер маманына сұраныс бар. Өтініш бүгін, ертең қабылданып, 29 тамыз күні шешім шығады.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Жалпы айта кететін дүние бұл жерде негізінен алғанда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университеті, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ өнер академиясы, мәдениет университеттері қатысқан болатын. Осы оқу орындары бойынша алынған лицензия бойынша қатысады деп ойлаймыз».

Ресми мәлімет бойынша, бұрын жоғарғы оқу орындары мен колледждерді қоса алғанда Шымкентте 83 мыңға жуық студент болған. Қазір олардың саны 79 мыңға жуықтайды. Олардың әлеуметтік жағдайын жасау әкімдік міндетінде.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қаламызда жоғарғы оқу орындарына арналған 36 жатақхана жұмыс істейді. Оның бесеуі мемлекеттік, 31-і – жекеменшік. Олардың жалпы сыйымдылығы 11 684 орынды құрайды.  Қазіргі таңда түгелге жуық студенттер жатақханамен қамтылған. Мұның сыртында 440 студенттің өтінімі бар жатақханаға қатысты. Ол өтінімдер қаралу үстінде. Қыркүйекке дейін студенттер толықтай жатақханамен қамтамасыз етілетін болады».

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Шымкентте студенттердің 48 мыңы колледждерде оқиды. Олар үшін 6 мыңға жуық орындық жатақхана бар. Қазірге 2600-ден аса студент жатақханаға орналасқан.

Дилара Иса