Шымкент әкімінің орынбасарына қастандық жасаған күдікті қылмысқа қызғаныш себеп болғанын айтты

Photo : AKNIET GROUP БҚ

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты іс бойынша басты сот талқылауын бастады. Іс бойынша айыпталушы деп қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай танылған.

Іске жәбірленуші Берденов денсаулығына байланысты келмеді. Өткен жолы алдын ала тыңдау кезінде судья Абинұр Қарабаев Берденовтің сотқа келіп қатысуын міндеттеген еді.

Айыпталушы Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен айыпталып отыр. Ол айыпты ішінара мойындайтынын айтты. Бірақ оқты қорқыту мақсатында атқанын, бірақ істі адам өлтіруге оқталу бабымен сараланғанымен келіспейтінін жеткізді.

«Ең басты мәселеден бастайын. Өкінемін, бұған себеп қызғаныш. Ар-ұжданым, намысым деп айта аламын. Жұмысқа қатысы жоқ», — деді ол жауап беру басында.