ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек Шымкент қаласы Қызылжар шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында тұрғындар бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жер телімдерін заңдастыру мәселесін көтерді.
Сондай-ақ, кездесуге мәслихат депутаттары Ерғали Білісбеков, Талғат Исхахов, Нұрсұлтан Балабиев, «AMANAT» партиясының Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы, Абай аудандық әкімдігінің өкілдері қатысты.
Тұрғындардың айтуынша, олар бірнеше жыл бұрын аталған аумақтан жер телімдерін сатып алып, үй салған. Алайда уақыт өте келе бұл жерлердің құқықтық мәртебесі жоқ екені анықталған. Кейін бұл жерлердің жалған құжаттармен заңсыз сатылғаны, алаяқтардың әрекетімен берілгені белгілі болған.
– «Осы мәселе көтерілгеніне бірнеше жыл болды. Жағдай шешілер емес. Үйімізді бұза ма деген үреймен өмір сүріп жатырмыз», – деді жергілікті тұрғындардың бірі.
Тұрғындар көрші елдімекендерде заңсыз салынған үйлердің сүріліп жатқанын айтып, өздері де сондай жағдайға ұшырап қаламыз ба деп алаңдаушылық білдірді.
Жиын барысында сала мамандары бұл мәселе қала әкімі Ғабит Сыздықбековке де жеткенін айтты. Қала басшысы тұрғындар тұрып жатқан баспаналарды бұзбау туралы нақты тапсырма бергенін еске салды.
Депутат Данабек Исабек тұрғындарды сабырға шақырып, бұл мәселе тек сот шешімі арқылы заңдастырылуы мүмкін екенін жеткізді.
– Бұл – заңдық тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да өте күрделі мәселе. Қазірдің өзінде екі азаматтың ісі сотта қаралып жатыр. Егер сот жерді заңдастыруға мүмкіндік бар деген шешім шығарса, бұл басқа да азаматтар үшін үлгі боларлық тәжірибе болады. Сондықтан мәселені тек ресми жолмен шешу керек, – деді халық қалаулысы.
Қазіргі таңда екі азаматтың ісі сотта. Бірінің талап арызы қанағаттандырылмаса да, апелляциялық шағым түсірілген. Бұл іске прокуратура тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр.
Данабек Исабек бұл мәселенің жүйелі шешімі үшін Жоғары сот басшылығымен кездесу өткізіп, нақты ұсыныстар жолдайтынын айтты.