Шымкент қаласында республика көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің «Әділ қоғам» жобасы аясында мәдени-ағартушылық бағыттағы бірегей платформасы таныстырылды. Іс-шара Шымкентте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасының қатысуымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдерімен Zoom платформасы арқылы өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қоғам қайраткерлері мен белсенді азаматтар қатысты.
Бұл жоба – жемқорлықпен күресте тек заңдық механизмдерге иек артпай, қоғамның рухани санасын жаңғыртуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жобаны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрілігі сондай-ақ, ЮНЕСКО жанындағы мәдениетті жақындастыру орталығымен бірлесіп жасаған. Жобаны таныстыру барысында сөз алған қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев:
— Сыбайлас жемқорлық – тек құқық бұзушылық емес, бұл адамгершілікке жат қылық. Біз әділ қоғам орнатамыз десек, алдымен әр азаматтың ар-ұятына үңілуіміз керек. Бұған жетудің жолы – ұлттық тәрбиеде, тарихымыз бен рухани құндылықтарымызда жатыр, – деп атап өтті.
Ал «Әділ қоғам» жобасының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі Анар Жаппарқұлова да жемқорлықпен күресте халық ауыз әдебиетінің жауһарларын пайдалану тиімді әдіс деп есептейді.
Аталған платформа адалдық пен әділеттілік қағидаттарын дәріптеуге, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталғаны анық. Сонымен қатар, мәдени шаралар мен ағартушылық бағдарламалар арқылы қоғамда парасатты мінез қалыптастыруды көздейді.
Қазақ халқы ежелден әділдік пен адалдықты ту еткен. Оған сан ғасырлар өтсе де мәнін жоймаған бабалар мұрасы дәлел. Өйткені әділеттілік – мәңгілік құндылық.
Жиын соңында қатысушылар жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеудің тетіктерін күшейтіп, ұлттық сана мен жауапкершілікті арттыру қажеттігін атап өтті.
Жаңа платформа – жай ғана мәдени жоба емес, ол – қоғамның рухани иммунитетін қалыптастыруға арналған құрал. Ал бұл іске табандылықпен, сеніммен кіріссек, елімізде әділ қоғам құру – орындалмас арман емес.