Шымкент қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Кезекті 28-сессияда жаңа қала әкімінің орынбасарлары таныстырылып, бес аудан әкімі өз жұмысын қорытындылады. Олар аудан аймағында атқарылған тындырымды тірліктерін тізбектеп, халық қалаулыларының алдында есеп берді. Олардың айтуынша, шаһарда инфрақұрлым мен әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешімін тапқан.
Шымкент мәслихатының кезекті сессиясы кадрлық ауыс-түйіспен басталды. Жиында қала әкімінің бірінші орынбасары таныстырылды. Бұл лауазымға соңғы екі жылда мегаполис басшысының орынбасары болып жұмыс істеген Айдын Кәрімов келді. Ал бұған дейін бұл лауазымда Қуаныш Асылов отырған еді.
Сонымен қатар, әкімнің тағы бір жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке Арман Сәбитов келді. Ол бұған дейін Сайрам ауданының әкімі қызметін атқарған. Әзірге оның қай салаға жетекшілік ететіні анықталмапты.
Сессия аудан әкімдерінің есеп беруімен жалғасты. Басшылар инфрақұрылым мәселелері жөнінде баяндама жасап, өз аумақтарында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Олардың сөзінше, бұл бағыттағы жобалар қарқын алып келеді. Мәселен, жыл соңына дейін Абай ауданындағы барлық көше асфальтталмақ.
Шәкір Сұлтанхан, Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі: «2025 жылы аудандағы тас және топырақ көшелерді толығымен асфальттау жоспарланып, бүгінгі таңда 100-ден астам көшеге асфальт төселді. 350 шақырымда 429 көше бар. Жыл соңына дейін аудандағы асфальтталған көшелердің үлесін 59,8 пайыздан 100 пайызды құрайтын болады»
Аудан әкімдерінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін депутаттар пікір білдіріп, әрбір бағытты егжей-тегжейлі қарастырды. Талқылаулардан соң халық қалаулылары есептерді бірауыздан қолдап, бекітті.
Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Шешілмей жатқан, шешіліп келе жатқан мәселелер аз емес. Сіздер де оны жетік білесіздер, халық арасында жүресіздер. Біздің басты мақсатымыз — қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, оларға қолайлы орта құру. Бұл біздің басты міндетіміз де болып табылады. Сол бағытта жыл соңына дейін жоспар межеміз бар. Соған бірге жұмыс жасап жетеміз деген ойдамыз»
Айта кетейік, Шымкент қаласы мәслихатының келесі кезекті сессиясы желтоқсан айына белгіленді. Онда қала бюджеті нақтыланып, алдағы жылға арналған жоспарлар қаралады. Бұған дейін қыркүйек айында кезектен тыс сессия өткізілмек.
Лаура Бабас