Шымкент қаласында есірткі қылмысының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың аясында Полиция департаментінің қызметкерлері кезекті рейд өткізді. Бұл жолы тәртіп сақшылары мегаполистегі бірқатар түнгі клубтар, лаундж-барлар және өзге де ойын-сауық орындарын тексеруге шықты. Іс-шараның басты мақсаты – көңіл көтеру орындарында заңсыз есірткі айналымды анықтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу.
Рейд барысында полиция қызметкерлері әр нысанды мұқият бақылап, келушілер мен қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тексеру кезінде көңіл көтеру орындарының әкімшілігімен бірлесіп, мекемелердің ішкі қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, бейнебақылау жүйесінің болуы, кіру бақылауы мен басқа да маңызды факторлар назарға алынды. Полицейлер ойын-сауық мекемелерінің басшыларымен және күзет қызметкерлерімен кездесіп, есірткі айналымының алдын алу бағытында бірлескен іс-қимылдар жоспарын талқылады.
Құқық қорғау органдары, әсіресе түнгі уақытта жұмыс істейтін орындарда есірткіге қатысты заң бұзушылықтар жиі тіркелуі мүмкін екенін ескере отырып, осындай рейдтік шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Қазіргі таңда есірткі қолдану мен тарату – қоғам үшін аса өзекті мәселе. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қала көлемінде белсенді жүргізіліп отыр.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, осындай алдын алу шаралары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар жастар арасында есірткіге тәуелділікті алдын алуға бағытталған. Бұл ретте мектептер пен колледждерде де тәрбие жұмыстары күшейтіліп, оқушылар мен студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін түсіндіру сабақтары ұйымдастырылуда.
Алдағы уақытта рейдтер саны арттырылып, тексеру жұмыстары күшейтілмек. Сонымен қатар, бұл іс-шаралар тек полициямен ғана емес, жергілікті әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар мен волонтерлік топтардың қатысуымен де өтетін болады. Мақсат – тек жазалау емес, керісінше, қоғамда есірткіге қарсы нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру.
Шымкент қаласы әкімдігі мен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылы нәтижесінде тұрғындар тарапынан мұндай бастамаларға қолдау артып келеді. Полиция департаменті қала тұрғындарын құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамауға шақырып, кез келген күдікті жағдайлар туралы тез арада 102 нөміріне хабарлауға кеңес береді.
Жанна Құрманбекова