Шымкентте Конституцияның 30 жылдығына орай ерекше балаларға бір реттік көмек беріледі

фото ШӨКҚ
Ел тарихындағы маңызды мерекеге орай Шымкент қаласы мәслихатының шешімімен арнайы санаттағы тұрғындарға бір реттік көмек беру басталады. Бұл қолдау «Шымкент қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына» сәйкес көрсетіледі.
Мереке қарсаңында мүгедектігі бар 8323 балаға 5 АЕК (19660 теңгеден) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек төленеді. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 20 АЕК (786 40 теңгеден) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылды.
Төлемді алу үшін ешқайда өтініш берудің қажеті жоқ. Қаражат автоматтандырылған база арқылы мүгедектігі бар балалардың аналарының әлеуметтік есепшоттарына автоматты түрде аударылады. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған төлемдер оларды заңды қамқорлығына алған азаматтардың есепшоттарына түседі.
Айта кетерлігі, Шымкент қаласына қоныс аударған немесе уақытша тіркеуін басқа қалаға не өңірге ауыстырған тұрғындар егер мемлекеттік зейнетақы төлемдері базасындағы тіркеуі қала аумағында болмаса, жергілікті бюджеттен берілетін бір реттік төлемнен қағылып қалады. Сондықтан қалаға қоныс аударған 18 жасқа дейінгі ерекше баласы бар азаматтарға мемлекеттік зейнетақы төлемдеріндегі тіркеудің Шымкент қаласына ауыстырылғанын тексеріп алу ұсынылады.