Ерекше балалар арасында «children paralympic games-2024» өтті

35

Шымкентте ерекше балалар арасында спорттық сайыс өтті. Бұл шара 4 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал жоба жеңімпаздары Астанада өтетін республикалық жарыста қала намысын қорғайтын болады.

Шымкентте ерекше балалар арасында «children paralympic games-2024» сайысы өтті. Жарысқа жүзу бағыты бойынша 60-қа жуық балақай қатысқан. Соның ішінде 5 сынып оқушысы Нұрбақыт Ағабек жақсы нәтиже көрсетіп 1 орынды қанжығасына байлады.

«Біздің осында қатысып жүргенімізге 4 жыл болды. Балам бапкерлерінің арқасында, өзінің мүмкіндігіне қарамастан жарыстардан 1-2 орын алып келіп жатыр. Осы жүзу секциясында баламның достары бар. Сөйлей бастады. Ойын жеткізе бастады. Біз оған қуаныштымыз. Себебі баламның өз ортасы қалыптасты», – дейді Нұрбақыт Ағабектің анасы Жайна Пазылбекова.

Бұл іс-шара үшінші мегаполисте 4 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарыстың ашылуына келген қала әкімінің орынбасары бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.

«Шымкентте ерекше жандарға арналған параолимпиадалық үлкен орталық ашу жоспарда бар. Сол арқылы спортшыларды қолдау қолға алынған. Үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Тағы да қатысушыларды бүгінгі ашылумен құттықтаймын», – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек. 

Мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы дода «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған. Мұның мақсаты ерекше күтімді қажет ететін жандарды әлеуметтендіру және оларды инклюзивті спорт түрлеріне бейімдеу. Ал бүгінгі сайыс спорттың бочча, дзюдо, футбол түрлері мен хореографиядан өтті.

«Спорт басқармасы тек жоғары спортты ғана емес, осындай спортшыларымызға да жағдай жасап жатыр. Осы жерден іріктелген спортшылар басқа да халықаралық жарыстарға дайындалатын болады. Мұнда 400-ден астам бүлдіршіндеріміз қатысуда. Сайыста бочча, дзюдо спорт түрінен өздерінің дайындығын көрсететін болады», – дейді Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.а. Маратбек Мықтыбеков.

Айта кетейік, қаламызда мүмкіндігі шектеулі 18 мың азамат бар. Оның 2400-і бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданса, 600 балақай кәсіби үйірмелерге қатысады.