Шымкенттегі полиция қызметкерлері талапты елемей ереже бұзған жүргізушіні тоқтату үшін өмірін қатерге тікті. Шымкентте полиция қызметкерлері агрессивті жүргізу белгілерін көрсеткен ер адамның басқаруындағы Daewoo Nexia көлігін анықтады. Құқық бұзушылық жолдағы қауіпті әрекетті анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиясына негізделген цифрлық жүйенің көмегімен анықталды.
Полицейлер жүргізушіге көлікті тоқтатуы жайында талап қойғанымен, жүргізуші бағынудан бас тартқан. Кейін тоқтағандай кейіп танытып, полицейлер тексеруге жақындаған сәтте, кенеттен көлікті қайта жүргізіп кеткен.
Құқық бұзушыны тоқтатпақ болған полицейлердің бірі көліктің капотына шығып кетеді. Бұған қарамастан, жүргізуші полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндіріп, жоғары жылдамдықпен жүрді. Тек осыдан кейін ғана тәртіп сақшылары көлік құралын тоқтатып, күдіктіні ұстады.
Билік өкіліне күш қолдану жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
— Аталған дерек бойынша билік өкіліне күш қолдану фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру шеңберінде полицейлердің өмірі мен қауіпсіздігіне қол сұққандарға жаза бұлтартпай қолданылады. Мұндай әрекеттер аса қауіпті қылмыс ретінде бағаланады, — делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің ақпаратында.
Шымкент полициясы ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Тәуліктің кез келген уақытында, қандай жағдай болмасын – тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету үшін жан аямай қызмет ететін барлық тәртіп сақшылары «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының полиция қызметі тұрғындармен өзара тиімді байланыс орнатуға бағытталған жобалар жүргізеді. Бұл құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды факторлардың бірі, өйткені адамдар құқық қорғау органдарының қызметіне сенім артып, заңдардың сақталуына қатысатын болса, қоғамның құқықтық мәдениеті де жоғары болады.