Шымкент қаласында полицейлер кезекшілікте жүріп, көліктен шыққан өртті уақтылы сөндіріп, оқиғаның ауыр салдарының алдын алды.
Оқиға Сайрам ауданындағы орталық көшелердің бірінде орын алды. Патрульдік полиция полкінің 3-рота инспекторлары – полиция аға лейтенанттары Өскенбай Бексұлтан Мұханұлы мен Хамра Нұрсұлтан – қызметтік міндеттерін атқару барысында көліктің отқа оранғанын байқап, дереу көмек көрсетуге асықты.
Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын жедел бағалап, қызметтік автокөліктегі өрт сөндіргішті пайдалана отырып, алғашқы өрт сөндіру шараларын жүзеге асырды. Кейін жақын маңдағы көгалды суаруға арналған шлангіні қолданып, жалынды толықтай ауыздықтады. Өрт сөндіру қызметі келгенше өрт толықтай сөндірілген болатын.
Көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетіне шын жүректен алғысын білдіріп, олардың арқасында үлкен шығынның алдын алғанын атап өтті.
Айта кету керек, көлік құралдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды пайдалануға жол берілмейді. Сондай-ақ, аккумуляторды көлік ішінде зарядтамау, міндетті түрде жарамды өрт сөндіргіш құралын алып жүру – қауіпсіздіктің басты талаптары саналады.
Шымкент қаласының полицейлері азаматтардың қауіпсіздігі үшін тәулік бойы қызмет атқаруды жалғастырады.