Шымкентте қалалық тамыз кеңесі өтті

Шымкентте «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың қалалық тамыз кеңесі өтті. Техникалық және кәсіптік білім беру саласы педагогтерінің панелдік секциясы Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде ұйымдастырылды. Жиында қандай мәселелер көтерілді? Нендей шешім айтылды? 

Жаңа оқу жылы алдында Шымкент ұстаздары дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты. Техникалық және кәсіптік білім беру педагогтерінің панелдік секциясы Манап Өтебаев колледжінде өтті. Пленарлық отырыс пен секциялық жұмыстар барысында білім сапасын көтеру, кәсіби даярлықты жетілдіру мәселелері талқыланды. Шараға 300-ден астам педагог пен сала мамандары қатысты.

Қымбат Көбеева,  Энергетика және байланыс колледжінің өндірістік оқыту шебері: «Бүкіл Қазақстан бойынша кеше Астана қаласына барып қатысып келдік. Өте керемет өтті тамыз конференциясы. Биылғы жұмысшы мамандықтар жылы аясында цифрландыру негізінде, айти мамандықтарының деңгейін көтеру үшін көп жұмыстар атқарылып, колледждердің базаларын жаңартып, көтереміз деп айтқан сөздері өте қатты ұнады».

Жиын барысында еліміздің білім беру жүйесіндегі өзекті тақырыптар көтерілді. Оқу-ағарту министрлігі мен қалалық кәсіпкерлер палатасы және өндірістік серіктестік өкілдері баяндама жасап, дуальді оқытудың тиімділігі атап өтті. Сонымен қатар, WorldSkills чемпионатының рөлі де кеңінен насихатталды.

Жасұлан Маратұлы, Шымкент қаласы білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы: «Әсіресе Уорлд Скилс жобасын толыққанды жүзеге асыруда. Оның негізгі мақсаты — дуальды оқытуды жүзеге асыру. Тек қана теориялық біліммен емес, сонымен қатар, практикалық та жұмыстарды жүзеге асыру болып саналады. Яғни, біз кәсіпорындармен ықпалдастықты жасау, меморандумға отыру, сол арқылы тек теориялық емес, практикалық та оқытуды дамыту болып табылады»

Секциялық отырыстарда тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға арналған ұсыныстар жасалды. Кеңес соңында бастамалар жүйеленіп, жаңа оқу жылында іске асырылатын ортақ шешімдер қабылданды.

Лаура Бабас