Шымкентте құқық қорғау және татуласу орталығы өз жұмысын бастады

фото АПБҚ

Шымкенттегі Шұғыла шағынауданында «Құқық қорғау және татуласу орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа орталықтың мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылығын арттыру және дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешуге ықпал ету.
Ашылу салтанатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жарқынбек Амантайұлы мен Данабек Исабеков ресми түрде лентасын қиып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұркен Әлімқұлов, қалалық прокуратурасының басқарма басшысы Бақытжан Байғазиев, Шымкент қаласының судьясы Әзіретқұлов Дінмұхаммед қатысты.
«Құқық қорғау және татуласу орталығы» «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, медиатор, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Этномедиация кеңесінің төрайымы Дана Кенжеқұлованың бастамасымен ашылып отыр
Мұнда тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер беріліп, татуластыру рәсімдері жүргізіледі. Орталықта адвокаттар, медиаторлар, психологтар және өзге де тиісті сала мамандары бірлесіп, қызмет көрсетеді.
Орталық аясында этносаралық қатынастарда туындайтын дау-дамайларды сотқа дейін шешуге бағытталған этномедиация кабинеті арнайы жабдықталды. Бұл кабинет — түрлі этностар өкілдері арасындағы түсініспеушіліктер мен келіспеушіліктерді тараптарды татуластыру арқылы шешуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Мұнда кәсіби этномедиаторлар тараптарды келісімге келтіру мақсатында медиативтік рәсімдер жүргізіп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.
Этномедиация — ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтудың тиімді тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның ХХХIV сессиясында сөйлеген сөзінде «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны бүкіл елге тарату қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай, ашылған этномедиация кабинеті – этностар арасында өзара сыйластықты арттырып, шиеленістердің алдын алуға және бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.