Елімізде тамыз айының әр үшінші жексенбісі – Спорт күні. Қазір елімізде спортты дамытуға және оны танымал етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Спортты дамыту бағытындағы кешенді жұмыс – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Шымкент тарихында болмаған спорттық дода басталды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры — Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асыловпен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналинмен бірге осы ауқымды спорттық іс-шараның ашылу салтанатына қатысты.
Қала басшысы спортшыларды, жаттықтырушылар мен қонақтарды чемпионаттың басталуымен құттықтап, ұйымдастырушыларға, спорт федерацияларына және турнирді жоғары деңгейде өткізуге күш салған азаматтарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, қала әкімдігінің қолдауымен өткізілген чемпионатқа мәртебелі қонақтар жиналды. Олардың қатарында Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси, Азия ату конфедерациясының басшысы шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, әлемдік спорт ұйымдарының өкілдері бар. Олардың қатысуы жарыстың жоғары мәртебесін аңғартады.
16-30 тамыз аралығында «Shymkent Shooting Plaza» базасында 27 елден 800 спортшы «тапанша», «мылтық», «қозғалмалы нысана», «стендтік ату», «трап», «скит» және «скит-микс» бойынша жарысады. Чемпионат аясында 700-ден астам медаль ойналады. Сондай-ақ жарыс екі олимпиадалық спорт түрі бойынша өтеді: нысана көздеу және стенд ату.
Жарыстың мақсаты — атқыштар спортын насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттыру, рейтингісін анықтау және жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыру.
Чемпионатта 26 елден 800-ден астам спортшы бақ сынауда. Атап айтқанда, Бахрейн, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Иран, Индонезия, Қазақстан, Катар, Қытай, Кувейт, Ливан, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Пәкістан, Сауд Арабиясы Корольдігі, Сингапур, Тәжікстан, Тайбэй, Түрікменстан, Өзбекстан, Филиппин, Оңтүстік Корея, Жапония елінің өкілдері Шымкент қаласында сайыс көрігін қыздырып жатыр.
Сайыста нысана көздеуден пневматикалық тапанша — 10 метр, 25 метр, 50 метр, мылтық — 10 метр, 50 метр, қозғалмалы нысана жеке және командалық есепте, Стенд ату бойынша трап, скит, скит\микс, трап\микс, дубль-трап – жеке және командалық есепте үздіктер анықталады. Чемпионат ерлер, әйелдер, жастар, жасөспірім ұлдар, қыздар арасында өткізіледі.
Сондай-ақ, жарыс екі олимпиадалық спорт түрі бойынша өтеді: нысана көздеу және стенд ату.