Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. 12 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан сайысқа биыл 150-ден астам отбасы қатысып, оның 20-сы финалға шықты. Жеңімпаз атанған – теміржолшылар әулеті.
Шымкентте ең үздік отбасы анықталды. Жастар ресурстық орталығында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың мақсаты – қазақстандық отбасының ізгі құндылықтарын насихаттау, отбасы институтын нығайту және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бұл байқау елімізде 12 жылдан бері өткізіліп, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген отбасыларды біріктіреді. Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері басқармасы бөлімінің басшысы Ақбота Оспанның сөзінше биылғы іріктеуде еңбек отбасыларына басым назар аударылған.
Ақбота Оспан, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері басқармасы бөлімінің басшысы: «Ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Бақытты жанұя» орталығының директорлары одан бөлек нақты сол істің басы қасында жүрген аудан әкімдерінің орынбасарлары болды. Үкіметтік емес ұйым өкілдерінен комиссия құрылып әрбір отбасыны жіті бағалады. Ондағы қойылған талаптар ең біріншіден отбасының мүшелері оның қоғамға соның ішінде Шымкент қаласына қосқан үлесі, балаларының жетістігі. Одан кейінгі бір айта кететінім биыл президентіміз жұмысшылар жылы деп жариялағаннан кейін жұмысшылар отбасына біз көбірек көңіл бөлдік».
Биыл Шымкентте байқауға 150-ден астам өтінім түсіп, 20 отбасы финалға шықты. Сайыс қаланың бес ауданын қамтыды. Жеңімпаз – Әл-Фараби ауданынан шыққан теміржолшылар Нұртаевтар әулеті. Оларға 1 миллион теңгелік сертификат пен республикалық кезеңге жолдама берілді.
Нұрғали Нұртаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Теміржолдың генералымын, 16 жыл ардагерлер кеңесінің төрағасы болдым. 62 жыл теміржолда істедім, былтыр ғана теміржолды қойдым. Сондықтан айналайындар аман болыңдар. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын. Көргеніміз жақсылық болсын».
Әсия Нұртаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Отбасы тәрбиесі табалдырықтан, Отбасы тәрбиесі үйдегі ата-анадан басталады. Бала айтқанды емес, көргенді істейді. Қазіргі балалар өте жақсы, дәстүрді жаңғыртып жатқан кез. Дәстүрлі тәрбие мектепте де балабақшада да орын алған. ЖОО- да орын алған. Дәстүр деген керемет нәрсе, үлкенді құрметтеген адам тек қана бақытты болады. Кішіге ізет көрсету керек, үлкенге құрмет көрсету керек».
Енді Нұртаевтар әулеті республикалық деңгейде Шымкенттің намысын қорғап, бірлік, еңбексүйгіштік және дәстүрге құрмет құндылықтарын насихаттамақ. Жеңімпаздар тату-тәтті отбасы – мемлекеттің гүлденуінің кепілі деп санайды.
Ботакөз Әнуар