Шымкенттіктер АИТВ–ға өздерін үйде тексере алатын болды

фото ҚОБҚ

Шымкентте АИТВ-инфекциясы диагностикасының жаңа, өзін өзі тестілеу әдісі енгізілуде. Енді АИТВ-жұқтыру қаупі жоғары адамдар сынама тапсырып, 20 минут ішінде нәтижесін біле алады. Мұны істеу үшін үйден шығудың қажеті жоқ

АИТВ–инфекциясын ерте анықтау науқастың өзі үшін де маңызды – бұл антиретровирустық (АРВ) препараттары қабылдауды уақытылы бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар вирустың басқа адамдарға берілуін тоқтатуға көмектеседі. АИТВ-ға жылдам тестілер скринингтік диагностикадағы нағыз жетістік болды.

АИТВ-ға экспресс-тесттер – бұл қанда, қан сарысуы мен плазмада, сілекейде вирусқа антиденелердің болуын анықтайтын арнайы тест жүйелер. Егер стандартты зертханалық зерттеулер нәтижелерін 2-3 күн күту қажет болса, — экспресс әдістер бар болғаны 15-20 минут ішінде адамның АИТВ статусын білуге мүмкіндік береді. Оларды медициналық ұйымдарда да, өзін-өзі диагностикалау үшін үйде де жасауға болады.

АИТВ экспресс-тесттерінің 2 түрі бар:

1. Саусақтан 1 тамшы қандағы АИТВ-антиденелерді анықтау, (бұл әдіс тері қабатын тесу арқылы жүргізіліеді және стерильдікті талап етеді).

2. АИТВ-ны сілейкейде анықтау – үйде жүргізудің ең оңай әдісі, медициналық білімді қажет етпейді. Экспресс-тесттің бұл түрі электрондық маркеттерде де сатылымда бар.

Тесттің артықшылықтары:

Сезімталдығы жоғары және жылдам скринингтік тест;

Стандартты зертханалық әдістермен салыстырғанда пайдалануы қарапайым және қолжетімді;

Бар болғаны 20 минутта жылдам, дәл нәтиже алу.

Көктамырдан қан тапсырудың қажеті жоқ, бір тамшы қан (немесе сілекей) жеткілікті болады, медицина қызметкерді және қымбат зертханалық жабдықты қажет етпейді;

Қазақстан Республикасында АИТВ-мен күресу жол картасында 95-95-95 стратегиясы қабылданған. Яғни 2030 жылғы қарай, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 95% өз статусын білуі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін халықтың негізгі топ өкілдеріне АИТВ-ға тестілеуден өту қолжетімділігін одан әрі арттыру және өзін-өзі тестілеуді кеңейту қажет. Өзін-өзі тестілеу әдісі өте қарапайым, жедел-тесттің арнайы қасығын ауыз қуысында ұрттың ішкі бетімен, иекпен жанастырып, тесттің буфер ерітіндісі бар пробиркаға салса жеткілікті. Нәтижесі 20 минутта дайын болады. Тестілеуді үй жағдайында да жүргізуге болады. Бұл әдіс жастарға, әр түрлі себептермен, соның ішінде кемсітуден ұялып, медициналық ұйымдарға барудан бас тартып жүрген адамдарға, өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары қаупіне ұшыраған халық топтарына өте қолайлы. Қазіргі таңда ЖИТС орталығының мамандары өзін-өзі тестілеуді АИТВ–мен өмір сүретін адамдардың жұбайларына ұсынып жатыр. АИТВ-ның анадан балаға жұғу қауіпі жоғары болғандықтан, босанған әйелдерді осы әдіспен тексерудің пилоттық жобасы қолға алынуда.

Қ.Н.Маширов,

Шымкент қаласы

ЖИТС орталығының бас дәрігерінің м.а.