Шымкенттік 7 мыңнан астам тұрғын 35 млн. теңге мүлік салығын төлемеген. Бұл туралы Әл-Фараби аудандық кірістер басқармасы мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, төлемді кешіктіргендерге өсімпұл қосылып, іс-құжаттары сот орындаушыларға жіберіледі. Бұл дегеніңіз, шағын төлемнің орнына, қалтаңыздан қағыласыз. Сондықтан, салықты уақытында төлеген жөн дейді жауаптылар.
Шымкент қаласының тұрғындарының 2024 жылғы мүлік салығы бойынша берешегі 35 миллион теңгеге жетті. Қарызын төлемей жүргендердің саны 7 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарының айтуынша, қарызға қатысты материалдардың бәрі жеке сот орындаушыларына берілген. Ал, 2025 жылға байланысты салық 1 қазанға дейін төленуі тиіс.
Сержан Желдібаев, Әл-Фараби ауданы МКБ бөлім басшысы: «Салықтық берешекті 1 қазанға дейін төлемеген жағдайда салық басқармасынан салықты өндіріп алу туралы хабарлама келеді. Оны орындауға 30 жұмыс күн уақыт береді. 30 жұмыс күнде орындалмаған жағдайда жеке сот орындаушыларға салықтық бұйрық жолданатын болады».
Әр кешіккен күн үшін өсімпұл қосылады дейді мамандар. Сондықтан төлем күнін созған сайын берешек сомасы да артады. Демек қарызданушы белгіленген салықтың үстіне қосымша теңге қосып төлейді.
Сержан Желдібаев, Әл-Фараби ауданы МКБ бөлім басшысы: «2024 жылғы есептелінген жеке тұлғалардың мүлік салығы бойынша ҚР салық кодексінің 532 бабының 6 тармағына сәйкес 1 қазанда төленуі қажет. Әл-Фараби ауданында 64 289 салық салу обьектісіне 308 миллион 103 мың теңге берешек салық төлеушілердің бет есебіне отырғызылған».
Егер қарыз көлемі 40 АЕК-тен (шамамен 157 мың теңге) асса, сот орындаушылары борышкердің шетелге шығуына тыйым салып, банк шоттарын бұғаттайды. Бұдан бөлек, жеке сот орындаушысы қызметі үшін қарыз сомасының 25 пайызын өндіріп алады. Сондықтан салықты уақытылы төлеу – қосымша шығыннан құтылудың ең дұрыс жолы.
Ботакөз Әнуар