Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында С.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды. С. ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігімен (айтарлықтай залал келтіріп, бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) айыпталған.
С. 2025 жылдың маусым айында таңғы сағ.05:30 шамасында «Яндекс-GO» такси қызметін шақырып, такси жүргізушісімен араларында түсінбеушілік орын алып, жанжалдасқан, нәтижесінде сотталушы өзінің қолындағы сырасының шыны бөтелкесімен жәбірленушіге тиесілі «Geely Emgrand» маркалы автокөліктің ішіндегі алдыңғы панелін және мониторын ұрып сындырып, сосын автокөліктен түсіп, сол жақ алдыңғы есіктегі терезені бөтелкесімен ұрып, жолдың жиегінде жатқан тасты қолына алып алдыңғы және артқы терезелерін, сол жақ есігінің ішкі пластикалық бөлшегін сындырып, жәбірленушіге айтарлықтай залал келтіріп, бөтеннің мүлкiн қасақана бүлдiрген.
Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді. Прокурор сотталушы мен жәбірленушімен татуласуына байланысты істі қысқартуды сұраған. Жәбірленуші өзіне келтірілген шығын толығымен қайтарылғанын, сотталушыға кешірім беретінін, оны қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады.
С. кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығын толығымен өтелгенін және ҚК-нің 68-бабының талаптарын қолдануды сұрады.
Сот, С.-ны ҚК-нің 68-бабы 1-бөлігінің негізінде жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігімен қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген.