Үшемдер 56 күннен кейін перзентханадан үйіне шықты

Шымкентте тағы бір үшем дүниеге келді. Мерзімінен бұрын туылған шақалақтар 56 күн бойы перзентханада дәрігерлердің бақылауында болды. Ақ халаттылардың жіті назарында болған нәрестелер тиісті ем-домын алып, бүгін үйіне шығарылды.

 Үш еселенген шаттық, үш еселенген бақыт. 39 жастағы қала тұрғыны Фатима Якупова 11 маусым күні қалалық перезентханада үшемді дүниеге әкелді. Сәбилер жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келіп, олардың салмағы бастапқыда 975, 1765 және 1920 грамм болған. Олар бірнеше минут айырмашылықпен туылған. Сәбилердің анасына бастапқыда егіз болады деп айтылған, бірақ қайта түсірілген ультра дыбыстық тексеруден кейін құрсағында үшем бар екені белігіл болған.

Фатима Якубова, үшемнің анасы: «…3 апта кезінде барғанда УДЗ-да тек екі сәби ғана көрілді. Екінші тексерілуге барғанда үшеу екенін белгілі болды. Құрсағымда үш сәбидің жатқанын экраннан көріп қана сендім. Бастапқыда таңырқадым. Үйдегілерге жаңалықты айтқанда, барлығымыз қуандық. Ай күнім жетіп, босанғанша үшем екенін ешкімге айтпадық. Бастысы аман есен босануды ойладым. Құдайға шүкір қазір бәрі жақсы, балаларымды бауырыма басып, үш есе бақытқа бөленіп отырмын».

56 күн бойы сәбилер мен олардың 39 жастағы анасы дәрігерлердің жіті бақылауында болып, қажетті ем мен күтімді алды. Нәрестелерге есімді олардың ата-әжесі қойған. Қыз бала – Мерием, ұл балалар – Расул мен Гамзат деп аталады. Бүгінде үшемдердің салмағы: 2050 г, 2950 г және 3400 г-ға жетті. Қазіргі уақытта балалардың да, ананың да жағдайы жақсы, үйлеріне шығарылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 15 793 сәби дүниеге келді. Оның 7726 қыз болса, 8067 ұл бала. Сондай-ақ, олардың қатарында 180 егіз және 3 үшем бар.

Лаура Бабас