Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойған «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы» заң осы саладағы түбегейлі өзгерістердің бастауы болды. Бүгінде осы заңның қабылданғанына бір жылдан асып отыр. Бұл заңның қабылдануы мен оның жүзеге асырылуы тек құқықтық акті ғана емес, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа кезеңін білдіреді.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған заң қабылданып, тұрмыстық зорлық саны азайғанына қарамастан, бұл мәселе әлі де өзекті. Жаңа заң аясында енді агрессор — лауазымы қандай болса да, заң алдында бірдей жауап береді. Ал жәбірленуші үшін «үндемей көне сал» емес, «қорғалуға құқығым бар» деген жаңа парадигма қалыптаса бастаған.
Өз құқығын біліп, қорлыққа жоқ деуі, тіпті мүлдем жол бермеуі үшін халықтың құқықтық сауаттылығы жоғары болуы керек.
Қоғамдағы заң мен тәртіпті күшейту, халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында Шымкентте тұрақты түрде кездесулер, түрлі акциялар, іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жақында отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы акция өтті.
Шымкент қаласы Полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында қалалық Арбатта түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, заң нормалары мен шұғыл жағдайда әрекет ету тәртібі түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды.
Арнайы жасақ қызметкерлері өзін өзі қорғау тәсілдерін көрсетіп, тұрғындар арасында зор қызығушылық тудырды.
Іс-шараның мақсаты қоғамда зорлық-зомбылыққа деген нөлдік төзімділікті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.
Шымкент қаласындағы құқық қорғау органдары тұрғындармен өзара байланыс орнатуға ерекше назар аударады. Мұндай қарым-қатынас құқықтық мәдениетті көтеруге, заңды құрметтеу мен құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізеді. Құқық қорғаушылар халыққа заңдар мен құқықтық нормаларды түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп, қоғамдық орындарда заң бұзушылықты болдырмау үшін профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Аталмыш жұмыстар өз нәтижесін беріп жатқанына күмән жоқ.