«Жағдай кәсіпкерге емес, балаға жасалуы тиіс»

фото ШӨКҚ

Шымкент қаласы мәслихатының өкілдері қала тұрғындарын жеке қабылдады. Онда қала тұрғындары өздерін толғандырған түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық, мәдени мәселелерді көтерді. Жиын барысында басқарма басшылары мен жауапты өкілдер, тұрғындарды толғандырған сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, шешу жолдарын қарастырды.

Халықты жеке қабылдау іс-шарасы аясында тұрғындар негізінен тұрғын үй, білім, мәдениет саласындағы түйткілді мәселелерді алға тартты. Мәслихат төрағасы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, тиісті басқарма өкілдеріне нақты тапсырмалар берді. Солардың бірі, даму бала бағдарламасы аясында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер. Олардың айтуынша, қазіргі ваучерлік бағдарлама қиындап кеткен. Сонымен қатар, талап күшейді дейді. Ал, қалалық спорт басқармасының өкілі, жағдай, кәсіпкерлерге емес, балаға жағдай жасалуы тиіс деп отыр.

«Дәл қазір біздің тариф қысқарып кетті. Жаңа талаптар қосылды. Мемлекеттік органдармен салыстырғанда бізге қаттырақ қарап жатыр. Оқушылар сарайы бар ғой. Оларға 12 ай бойы ваучер ашық. Олар 12 ай бойы қабылдай алады. Біз болсақ, бюджетке қараймыз. Нысандардың 95 пайызы барлығы арнайы соғылмаған. Ал бізге қойылған талаптар арнайы болып тұр. 5 балаға екі душтан. Бір топқа 20 бала болса, сегіз душ болу керек. Біз оны қалай орындаймыз?»

Ермек Дәрменов, Қалалық спорт басқармасының орынбасары: «Бірінші қағидаттың біреуі, жағдай кәсіпкерге жасалмайды. Жағдай балаға жасалады. Душ мәселесі болатын болады. Бізде жас ерекшеліктеріне қандай норма болса, соған қарай жұмыс жасайды. Сниптің нормасында не жазылған  болса, он балаға душ десе, қоясыздар. Өздеріңіздің жеке кәсіппен мемлекеттік спорт мектебін салыстыруға болмайды. Әлем чемпионаттарды ұту керек. Басқа да чемпионаттарды ұту керек. Біздің талаптарға шыдамайтын болса, бәрін шығарамыз».

Бахадыр Нарымбетов,  Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Түптің түбінде екі жақтың да айтып отырғаны дұрыс. Қыса берсек, ондай шешімге шыдай алмайды. Сондықтан, арба сынбайтын, өгіз өлмейтін шешім табу керек».

Бұдан бөлек, қабылдау барысында мәдениет саласындағы олқылықтарды айтып, басшылардан нақты жұмыс талап еткендер де табылды. Олардың айтуынша, дәстүрімізді дәріптейтін, елдің елдігін, ұлттың ұлылығын көрсететін басты сала мәдениет. Сондықтан да, бұл саланы дамыту, жүйелеу және уақыт талабына сай жаңғырту кезек күттірмейтін міндет. Яғни, театр, музей кітапхана жұмыстарын жандандыру керек. Сонымен қатар, айтыс жанрын дамыту ісін жолға қою керек деді.

Осылайша халықтың ұсыныс пікірлері мен өтініштері қағазға түртіп алынды. Алдағы уақытта барлық көтерілген мәселе ескерусіз қалмайды деді Бахадыр Нарымбетов.

Нұргүл Жолымбетова