141 млн. теңге: Интернет алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Шымкентте ірі интернет-алаяқтық схемасы әшкереленді. Құзырлы орган өкілдері киберқылмысқа қарсы жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде интернет-алаяқтықтың жолын кесті. Топтасып әрекет еткен күдіктілер үш мегаполисте жымысқы әрекетін жүзеге асырған. Тергеу барысында күдіктілердің интернет-алаяқтықтың кемінде 9 дерегіне қатысы бар екендігі анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын 141 миллион теңгеден асады.

Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың төрт қатысушысын ұстады. Атап айтқанда, топтың ұйымдастырушысы, дропперлерді тартумен айналысқан екі дроповод және қолма-қол ақша тасымалдаушылар бар. Олар шоттарды заңсыз пайдалану арқылы түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктілердің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Еске сала кетейік, 16 қыркүйектен бастап, үшінші тұлғалардың банк шоттарына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру не қабылдау, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Нұргүл Жолымбетова