Шымкент қаласының тұрғыны 55 жастағы Вячеслав Тя 18 мың шақырым жерді басып өтіп Магаданға мотоциклмен саяхаттап келген. Бұл үшін 44 күн уақыт жұмсаған. Саяхатшы «Отырар» тілшісімен кездесіп, қызық әрі қиын сапардың қыр-сырымен бөлісті.
«Менің атым — Вячеслав. Жасым 55-те. 25 тамызда 44 күнге созылған ұзақ сапардан оралдым».
Шымкент қаласының тұрғыны Вячеслав Тя Шымкенттен Ресейдің Магадан қаласына мотоциклмен жалғыз өзі барып қайтты. Ол Шымкенттен шілде айының ортасында шыққан. Қалаға келгеніне он күндей болғанымен «енді ес жиып жатырмын» дейді.
Вячеслав Тя, Шымкент қаласының тұрғыны: «Шынымды айтсам, апта өтсе де енді-енді өзіме келдім. Ұзақ жол, денеге күш, салмақ түсті. Ауырғаннан денемді ала алмай қалдым. Оның үстіне үйде де жұмыс жиналып қалған. Өзіме келген соң үш күн мотоциклімді тазалап, ретке келтірдім. Енді міне, қалыпты өмірге қайта оралып жатырмын».
Вячеслав Тяның шағын жарнама агенттігі бар. Отбасылы. Оның мотоциклге әуестігіне, онымен сапарлайтынына жақындары түсіністікпен қарайды. Бұл оның хоббиі деуге болады.
«Міне, менің мотоциклдерім. Менде екеуі бар, мына мотоциклмен бардым. Оны тазалауға көп уақыт кетті. Енді оны жөндеуге беруім керек».
Саяхатшы бұл сапарға ұзақ дайындалғанын айтады. Шамамен 8 жылдай уақыт кеткен. Сапарға бір жарым миллион теңге жұмсаған. Ұзақ әрі ауыр, қиын да қызық сапарға шығу әр мотоциклистің мақсаты дейді ол.
Вячеслав Тя, Шымкент қаласының тұрғыны: «Магадан, меніңше бұл әуелі сынақ. Күш, моралдық әрі қаржылық тұрғыдан өзіңді сынау. Сапарға шығу алдында сұрақтар көп болады. Мысалы, техника жолда сынып қалуы мүмкін. Жалғыз, ешкімге арқа сүйей алмайсың. Мотоциклистер өте көп. Кез-келген жерде достарымыз, таныстарымыз бар, көмекке шақыра аласың. Бір қоңыраумен мәселені шеше салуға болады. Дегенмен көп жағдайда алдыңнан шыққан мәселені өзің шешуің керек. Яғни, сапар бағытын таңдайсың, жүру кестесін түзесің, күш-жігеріңді есептейсің, тамақтану, демалу жерді белгілейсің. Өз қауіпсіздігіңе өзің жауаптысың».
Вячеслав Тя жалпы ұзақтығы 18 мың шақырымнан аса жол жүрген. Түзу, таулы, тасты жерден бөлек топырақты жолды да басып өткен. Ең қиыны топырақты жер болған. Саяхатшының айтуынша, кез келген төтенше жағдайға әзір болуы үшін өзімен бірге ең қажетті заттарын салып алған. Кейде мұндайда күтпеген оқиғалар болады дейді ол.
Вячеслав Тя, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жолда мотоциклім бұзылып қалды. Құлап, қолымды жарақаттап алдым. Ауа-райында үлкен айырмашылық болды. Неге мотоциклмен саяхаттайсың? Жер көресің, ел көресің. Жүрген сайын елмен бірге табиғат та, ауа-райы да өзгереді. Қазір жазық далада кетіп бара жатсаң, түнде орманның ортасынан өтесің. Осындайда жер шағын екенін көресің. Жол жүрген сайын соның бәрін жан тәніңмен сезінесің. Мысалы, Шымкенттен аптап ыстықта шықтым. Бір айдан соң Тында ауылына барғанда ауа-райы шамамен 12 градус жылы болды. Магаданға жақындаған сайын жауын-шашын көбейді».
Саяхатшының айтуынша, мұндай сапарлар адамның жеке қалып ойлануына, айналаңда не болып жатқанын көруге, адамдар қалай өмір сүріп жатқанын салыстыруға мүмкіндік береді. Дегенмен өз үйіңе асығасың дейді ол.
Вячеслав Тя, Шымкент қаласының тұрғыны: «Көп жерде болдым, ел араладым. Бірақ ешқайсысы Шымкентке жетпейді. Ықшам, жайлы әрі таза. Әрбір уақытың бағалы, есептеулі. Мысалы, жолда адамдардың жеміс-жидек теріп жүргенін көремін. Балық аулап жүргендерді байқаймын. Ал бізде уақыт жоқ. Қыз-қыз өмір».
Вячеслав жолда қиындыққа тап болғанда жақсы адамдар жиі кездескенін айтады. Телефонын жоғалтып алғанда, полиция тауып берген. Жол-көлік оқиғасына түсіп, қолын жарақаттағанда ауыл тұрғындары қол ұшын созған. Мотоциклі бұзылғанда сатушылар тегін көмек көрсеткен. Мұның бәрі ұзақ сапардан алатын рахаттың бір бөлігі. Ал табаны елге тиіп, үйге жеткенде мақсаты орындалғанын түсінген. Мотоцикмен саяхаттаудың сыры да осында дейді ол.
Дилара Иса