Агроөнеркәсіп кешенін кешенді дамыту – стратегиялық мақсат

фото ШӨКҚ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмаларды атап өтті.

 

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін кешенді жаңғырту қажеттігін атап өтіп, Үкіметке бірқатар стратегиялық тапсырмалар берді: Президент АӨК-ті дамытудың ұзақмерзімді әрі нақты жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты. Бұл жоспар заманауи агротехнологияларды енгізуге, цифрландыруды арттыруға және ғылыммен байланысты күшейтуге бағытталуы тиіс.Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесі — басты назарда. Президент тек шикізат өндірумен шектелмей, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға көшу қажеттігін қадап айтты. Бұл ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға сеп болады.

 

 

Мемлекет басшысы Үкіметке контейнерлік тасымалдауды ынталандыру бойынша арнайы бағдарлама қабылдауды тапсырды. Құжат мультимодальды бағыттарды дамытудың тиімді шараларын қамтуы керек. Бұл қадам ішкі нарықты сапалы өніммен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады.

 

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінді. Президент спутниктік мониторинг жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта ашықтық пен тиімді мониторингті қамтамасыз ететін жасанды интеллект технологиялары енгізіледі.

 

Жолдауда көрсетілген стратегиялық мақсаттардың бірі – ұлттық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту. Бұған қол жеткізу үшін отандық өндірісті қолдау, агробизнесті дамыту және инновациялық шешімдерді енгізу басты басымдықтар болып қала береді.

 

Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы хабтары мен логистикалық орталықтарды құру және жаңғырту да саланы дамытудың маңызды элементі болмақ. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін жинауды, сақтауды және тасымалдауды жақсартады.