19 жастағы сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды. Сау баласын әскерге аттандырып, табытын құшақтап қалған ана, баласының суицид жасағанына сенбейді. Шымкенттік егіздің сыңары Дінмұхамед Шынарбек Жамбыл облысы, Мәтібұлақтағы әскери бөлімде көз жұмды. ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі сарбаз өзіне-өзі қол салды деп ресми мәлімдеме жасады. Алайда, жас жігіттің анасы мен туыстары мұны жоққа шығарды.
Осылай деп шырылдаған ана, баласының суицид жасағанына сенбейді. Бірер күн бұрын ғана анасымен байланысқа шыққан Дінмұхамед, жағдайының тұрақты және жақсы екенін хабарлаған. Алайда, суыт хабар көп ұзамай жетті дейді көз жасы көл болған ана. Өз аяғымен мерзімді әскери қызметті өтеуге кеткен баласы бірнеше айдан соң табытпен оралды. Жап-жас жігіт өзіне қол салды дегенге сенбейміз деген туыстары балаға қиянат жасалды деп отыр. Сондықтан, жоғарыда отырған шенділер аналарды жылатпай, тәртіп орнатсын деген талап қойды. Қала берді, марқұмның өліміне қатысты барлық шындық ашылсын деп отыр.
19 жастағы марқұмның туыстары апталдай азаматтың өз өмірін оп-оңай қиды деген сөз қисынға келмейді деп отыр. Ал әпкесі сот медициналық сараптамадан өткізген уақытта басы-қасында болыпты. Денесінде ұрып-соғу жарақаты жоқ. Бірақ, бауырымды тұншықтырып өлтірген болуы мүмкін дейді.
Тоғжан Ботабекқызы, марқұмның әпкесі: «Анасы да, әкесі де, менде көрдім баланы. Тоқ етері тұншықтыры өлтіріп, асылды деп қойған. Вскырытиеге де қатыстым. Ұрған жерін көрмедім. Зорлық жасаса көрінеді. Бірақ, ондай жоқ. Ұрып соқпаған».
Егіздің сыңары марқұм Дінмұхамед Шынарбек өте мейірімді, ақкөңіл жан еді дейді туыстары. Елге адал еңбек етуді мақсат еткен ол, бауырымен бірге аспаз болып жұмыс жасаған. Өкінішке орай, болашақта тәттілер дүкенін ашуды арман еткен сарбаз бүгінде жер қойнына тапсырылды.
Айта кетейік, 19 жастағы жас жігіт Дінмұхамед Шынарбек әскерге шақыртуды Астана қаласынан алған. Ағасы Даниял Талғатұлы күзде әскерге аттанса, бауыры көктемде отан алдындағы борышын өтеуге барған. Олар ең алдымен Жамбыл облысындағы Отардағы әскери бөлімде қызмет еткен. Мұнан соң, марқұмды Мәтібұлақтағы 01098 әскери гарнизонына ауыстырған. Сол жерде, ресми дерек бойынша өзіне-өзі қол салып қайтыс болған.
Естеріңізге сала кетейік, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алдағы 20 күнде сот медициналық сараптаманың қорытындысы табелгілі болмақ.
Нұргүл Жолымбетова