Елімізде цифрлық активтерге арналған мемлекеттік қор құрылмақ

Елімізде цифрлық активтерге арналған мемлекеттік қор құрылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың ел дамуына қосатын үлесін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Айтуынша, қорды еліміздің болашағы зор жобаларына қосымша инвестиция көзі ретінде пайдалануға болады. Бұл туралы Қазақстан халқына жолдауында белгілі болды.

Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек деді Президент. Қор қаражатын болашағы бар және нарықта әлеуеті жоғары отандық жобаларға бағыттауға болады. Ең бастысы, бұл қаржыны тиімді әрі ойластырылған түрде жұмсау керек. Қажет болған жағдайда, бұл жұмысқа халықаралық деңгейдегі тәжірибелі басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында.

Қаысм-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы. Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал, қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі».

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Бас прокуратура жанындағы Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауын өзгертуді ұсынды. Бұл комитеттің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгерту керек деді. Оның айтуынша, Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істеген. Нәтижесінде, қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылған. Оның ішінде Шымкент қаласының прокурорлары мемлекетке 3,1 млрд.теңге активтерді қайтарды. Барлық активтер әлеуметтік маңызы бар жобаларға, халықтың игілігіне бағытталатын болады. Атап айтқанда, бұл қаражат білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және өзге де қоғамға пайдалы салаларда пайдаланылмақ.

Бекжан Құлатаев, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары: «Шымкент қаласы Прокуратурасының үйлестіруімен ағымдағы өткен уақытта 3,1 млрд. теңге активтер ел игілігіне қайтарылды. Оның ішінде мәмлелелерді жарамсыз деп тану, жекешелендіруді заңсыз деп тану, және тағы басқа 8 талап арыз қанағаттандырылды. Құны 996 млн. теңге болатын Мұз сарайының 67 пайызы ел игілігіне қайтты. 2,4 млрд. теңгеден астаын алаңы 214,5 га жер мемлекетке қайтарылды. Және тағы басқа 357 млн теңге болатын жер учаскесі мемлекетке қайтарылды».

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары күшейтіледі. Бұл бағыттағы шаралар заң үстемдігін қамтамасыз ету және ұлттық экономиканың мүддесін қорғау мақсатында жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, Президент бизнеске қысым жасауға жол берілмейтінін ерекше атап өтті. Заң аясында жүргізілетін бұл жұмыс адал кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесіне нұқсан келтірмеуі тиіс.

Нұргүл Жолымбетова