Қала әкімі халықпен кезекті көшпелі кездесуін бастады. Бұл жолы да әдеттегідей саябақтармен гүлзар маңында халықпен тілдесіп, мәселелерін тыңдады. Бірақ кейбір нысандарда сарыла күткен халық, сұрақтарын толықтай қойып үлгермей жатты. Өйткені ауылдың ақсақалдары бата беріп, жиынды аяқтауға асықты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңір басшысының халықпен кезекті кездесуі басталды. Бұл жолы Ғабит Сыздықбеков, Абай ауданының тұрғындарымен жүздесіп, түйткілді мәселелерін тыңдады. Мәселен, Жиделі шағынауданының тұрғындары қоғамдық көлік, инфрақұрылым, әлеуметтік проблемалары шаш етектен екенін жеткізді. Олардың айтуынша, автобус аялдамаларының арасы тым ұзақ. Зейнеткерлер мен оқушылар шақырым жолды жүруге мәжбүр екен. Қала берді тұрғындар мемлекеттік көгілдір газға қол жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар, халық медпункт салып беруді сұрады. Ал бұдан бөлек, үйлерінің құжаттарын реттей алмай жүрген тұрғындар да табылды.
«Біз жақта 100 шақты отбасы бар. Біздің үйлер құжаттандырылмаған. Өздеріңіз білесіздер, адам қай үйде тұрады, сол жерге тіркеуге тұруы керек».
«Апай, мұны сот арқылы шешу керек. Көмектесуге тырысып жатырмыз. 5 жылдан аса тұрып жатқан үйлерге құжатын реттеп беруге тырысып жатырмыз».
«Мен осы ауылдың тумасымын. Автобусты 40 минуттап күтеміз. Осы автобустың кестесін туралап , 6 -ақ аялдамамыз бар. Соған ілсе екен деймін».
«Менің өтінішім 12 б соңында 3-4 соттық жер бар. Кішігірім балалар алаңшасын салып берсеңіздер».
«Аудан әкімімен келісіп, сөйлесіңіз. Халық қатысатын бюджетпен салып береді».
Қоғамдық көліктің мәселесін шешіп, автобустардың жүру уақытын реттей алмай отырғанда, келер жылы жолақысы да қымбаттамақ. Бұл туралы әкімнің өзі мәлімдеді. Тек жолақы ғана емес, коммуналдық тарифтер де өсетін болады.
Ғабит Сыздықбеков, Қалы әкімі: «70 теңгемен ұстап отырмыз ғой, өте үлкен шығын. Бүкіл Қазақстанда көтеріліп жатыр. Жанармай да қымбат. Жағармай да қымбат. Газдың қымбаттауы. Коммуналдық төлем де көтеріледі. Сіздер ренжімеңіздер. Автобустың да бағасын көтереміз келер жылдан бастап. Тегін жүретін категориялар қалады».
Кездесу барысында көкейіндегі түйткілді мәселесін айтып үлгермегендер де табылды. Бірақ, ауылдың белсенділері жиынды ерте аяқтауға тырысты ма дерсің? Әйтеуір бата беруге асықты.
Айтпақшы, жапа тармағай микрофонға ұмтылған тұрғындардың кейбірі проблемасын әкімге жеткізе алмады. Артынан ентелей жүгірген тұрғындар, құжаттарын құшақтаған күйі қалды. Олардың бірі бес жылдан бері Ынтымақ шағынауданындағы үйді өз атына рәсімдей алмай жүр екен. Ал, енді бірі жергілікті әкімдікке сенім артудан қалғанын жеткізді
Осылайша, қала әкімі кездесуді қорытып, барлық мәселе кезең-кезеңімен, заң аясында шешілетінін айтты.
Нұргүл Жолымбетова