Көшелердің заты бар да, аты жоқ

Шымкенттегі 20 көше жаңа атауды қажет етеді. Себебі – бірқатарының аты жоқ болса, ал қалғандарының атауы көнерген. Қала тұрғындары мен белсенділері оларды соғыс ардагерлерінің есімімен атауды ұсынып отыр. Алайда, жауапты мамандар бұл істің оңай болмайтынын айтады. 

Шымкент көшелері соғыс ардагерлерінің атымен аталуы тиіс. Қала белсенділері осындай бастама көтеріп отыр. Олар батырлардың есімі ұмытылмай, ел жадында мәңгі сақталуы керек деп есептейді. Алайда, бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтерілгенімен, шешілмей келеді екен.

«Бұл мәселемен 5 жылдан бері шұғылданып жатқан жағдайымыз бар. Депутаттардың бәрі біледі бұны. Бірақ 5 жылдан бері мәселе алдыға жылжыған жоқ қой әңгіменің ашығы»

Бүгінде соғысқа қатысқан 20 батырдың аты-жөні республикалық ономастика комиссиясына жолданған. Тексерістен кейін олардың есімі қала көшелеріне берілуі керек еді. Алайда, тиісті министрлік тек 10 азаматтың есімін мақұлдап, қалғанын қабылдамапты.

Бауыржан Орынтаев, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы: «Жеңістің 80 жылдығына байланысты Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көше атауларын беру мәселесі көтерілген болатын. Соған байланысты біз қаламызда 20 тұлғаны ұсынған болатынбыз. Оларда жан-жақты қаралады ғой. Соғысқа қатысқандығы туралы. Соғысқа барғандығы туралы, барлық арнайы бекітілген тізім бар. Сол тізім бойынша ұсынылған құжаттарға байланысты»

Бұл атаулардың не себепті қабылданбағаны әзірге белгісіз. Сондықтан халық қалаулылары жағдайды бақылауға алып, жауапты органдарға мәселені шешуді жүктеді.

Бахадыр Нарымбетов,  Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Республикалық ономастика комиссиясы да, қалалық ономастика комиссиясы да ол кісіге қарсы болуы мүмкін емес. Оны ойдан шығарыңыз. Бірақ жауаптыны тауып, не себептен бұлай болғанын ол енді дело принципа. Ол оны қарастыру керексіздер. Қағазын беріңіздер»

Қазір қалада 21 нысанға атау беру жоспарланып отыр. Соның бірі аллея болса, қалғаны қала көшелері. Еске сала кетсек, былтыр бұл бағытта рекорд орнатылып, Шымкенттегі 385 құрамдас бөлікке атау берілген еді.

Лаура Бабас