Көшелер инертті заттар мен қоқыстан тазартылып жатыр

20

Күннің көзі жылт етісімен Шымкентте тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тұран ауданының көше бойлары, аялдамалар жуылды. Сонымен қатар ағаштар ақталуда. Бұдан бөлек, тазалық шараларына қатысты барлық жұмыстар атқарылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Шара 10 сәуірден 11 мамырға дейін жалғаспақ. Айтулы акция аясында Шымкенттегі Тұран ауданында басты көшелер бойы тазаланып жатыр. Мамандар көктем шығысымен қызу жұмыстың басталып кеткенін айтады.

«Біздің жұмыс таңертеңнен басталады. Аялдаманы жуамыз, одан қала берді тротуарларды жуамыз. Бәрін тазалап түстен кейін екінші сменге тапсырып қайтамыз», – дейді коммуналдық қызметкер Толқынай Қыдырбаева. 

«Тұран ауданының орталық көшелерінде, ішкі көшелерінде тазалық жұмыстары, газондандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек шөп ору, ағаштарды ақтау, аялдаманы жуу, аяқжолдарды тазалау жұмысы жүріп жатыр»,  – дейді «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС директорының орынбасары Мақсат Құрманбекұлы.

Мердігер мекеме тарапынан 250 қызметкер мен 50 техника жұмылдырылса, әкімдіктен 180 жұмысшы қала жолдарын тазартуға атсалысып жатыр.

«Күндіз түні еңбек етіп жатқан аға-әпкелеріміз бар. Солардың еңбегін бағалап, қаламызды таза ұстауға шақырамыз. Сүйікті қаламызды бірге көркейтейік» – дейді Тұран ауданы әкімінің орынбасары Аманжол Бекбол.

Қазір мамандар қыстан қалған инертті заттарды су шашатын арнайы көлікпен тазартып жатыр. Ертең де тазалық жұмыстары жүргізіледі. Ал акция 1 айға созылады деп жоспарланған. Күн сайын қала көшелері сыпырылып, жуылып, тап таза кейіпке еніп тұр. Оған қоса қала тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырған арнайы жұмыстар да жүргізілуде.