«Мейірбан қасқыр»: Қалалық қуыршақ театры 43-ші маусымның шымылдығын түрді

Шымкент қалалық қуыршақ театры 43-ші маусымының шымылдығын түрді. Жаңа кезеңнің алғашқы қойылымы кішкентай көрермендерге арналған «Мейірбан қасқыр» ертегісі болды.

Шымкент қалалық қуыршақ театры өзінің 43-ші шығармашылық кезеңін ашты. Әр маусымын жаңа қарқынмен бастайтын өнер ордасы биылғы алғашқы қойылымын «Мейірбан қасқыр» ертегісімен бастады. Сахнада жан біткен қуыршақтар балаларға жақсылық пен достықтың құдіретін паш етті.

Айсұлу Садығұлова, көрермен: «Бұл қуыршақ театрына алғаш келуіміз. Өзімнің 2 қызым, 1 ұлымды әкелдім. Аралары 7, 5,4 жас. Спектакль өте ұнады. Балалардың жүзіндегі эмоциясы бәрі керемет. Әрбір ата-анаға балаларын осындай қуыршақ тетрына әкеліп, көңіл көтеріп тұруға кеңес беремін».

Бұл ертегі тек балақайларға емес, әрбір отбасы мүшесіне арналған. Қойылым барысында ата-ана мен бала арасындағы мейірім мен сүйіспеншілік ерекше көрініс тапты. Театр ұжымының пікірінше, қойылым жас көрермендердің жүрегіне жылу ұялатып, оларды жақсылыққа, ата-ананы сыйлауға және айналасына қамқор болуға жетелейді.

Ерғали Тұрдалиев,  Шымкент қалалық қуыршақ театрының әртісі: «Қасқырдың мейірімділігі, өмірге деген құштарлығы, балапанды құрметтеу, қадірлеу деген. Қазір бізде өмірде балаларды қадірлеу деген қалып барады. Сол жайында қойылым болып жатады бүгін».

Биылғы жылдың өзінде қалалық қуыршақ театры екі жүзге жуық қойылым сахналап үлгерді. Көптеген өнер туындысы балабақша бүлдіршіндеріне жол тартқан. Сондай ақ, мектеп оқушылары да сүйікті кейіпкерлермен жүздесіп, ерекше әсер алып жүр.

Сардар Молдабеков, Шымкент қалалық қуыршақ театрының директоры: «Өткен маусымда да театр ұжымы үлкен жетістікке жетті. Жоспарға сәйкес керемет қызметтер атқарды. Жаңа 4 қойылым қойды. 2 орыс, 2 қазақ тілінде. Театрдың қоржынында 50-ден астам спектакль бар. Және 500-ден астам қуыршақтар жасалынды. Нәтижесінде қаламыздың кішкентай ғана бүлдіршіндеріне аянбай еңбек етіп, өнер жолында тәрбиелеу мақсатында қызмет атқарып келеміз».

Көрермендерге қуаныш сыйлауды мақсат еткен театр ұжымы арнайы ойын-сауық шарасын да ұйымдастырды. Ән мен биді тоғыстырған қуыршақтар балаларды қиялға жетелеп, ерекше әсерге бөледі. Айта кету керек, жаңа маусымда театрдың басты бағыты – қазақ халық ертегілерін сахналық қойылымдар арқылы кеңінен насихаттау.

Лаура Бабас