5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл күн қазақ халқының қазіргі әліппесін енгізген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне тойланады. Бүгінде қазақ тілінің мәртебесі қандай?
Сәкен Сейфуллиннің әнін беріле орындаған бүлдіршіндер қазақ емес шетелдің балалары. Олардың ана тіліміз де әуелете орындаған әні, көпшіліктің жүрегіне жетті. Тіпті, интернетте млндаған қаралым жинап үлгерген.
Қазақ тілінде сөйлеу қазір сәнге айналды. Елдегі өзге ұлт өкілдері ғана емес, әлем халықтары да қазақ тілінің бай әрі бәсекеге қабілетті екенін мойындап отыр. Оған дәлел ретінде соңғы уақыттағы әлеуметтік желілерде өзге ұлттардың қазақша контент жасап, қазақ тілінде ән айтуы трендке айналғанын айтуға болады.
Қазақ тіліне қызығушылық танытып, тілді жетік меңгергендердің бірі — Дмитрий Шпиндер. Жетісайдың тумасы Шымкентке осыдан 5 жыл бұрын көшіп келген. Айтуынша өзге ұлт өкіліне қазақ тілін үйрену қиын болмаған. Ол жоғарғы оқу орнын қазақша тәмамдаған. Қазіргі таңда ұстаздық етіп, орыс сыныптарына сабақ береді. Дегенмен қажет болған жағдайда қазақ оқушыларына еркін сабақ бере аламын дейді.
Дмитрий Шпиндер, Информатика пәні мұғалімі: «Қазақ тілін ауылда үйренгенмін. Қазақ достарым мені үйреткен. Қазақ тілі маған өте қызық болған. Енді қасыңда жүрген адамдардың білгім келген. Содан қазақ тіліне қызықтым. Содан бастап қазақ тілін үйрене бастадым. Маған менің достарым көмектесті қазақ тілін үйретуге. Шымкентке келіп қазақ тілін білгендіктен маған оңай болды. Ойымды оңай жеткізу болды маған».
Іс-шара барысында қала әкімінің орынбасары тұрғындарды мерекемен құттықтай отырып, тіл жанашырларын марапаттады. Ол қазақ тілін қолданушылардың саны күн санап артып жатқандығын жеткізді. Бұл қазақ тілі мәртебесінің жоғарылауының айғағы деп отыр.
Сәрсен Құранбек, Қала әкімінің орынбасары: «Қазіргі кезде пайдалану деңгейі көтеріліп келе жатқанын айтуымыз керек. Мысалы, биылғы жылы мынау ЖОО орындарына тапсыратын абитуренттердің 80 пайызы осы қазақ тілінде тапсырды. ҰБТ-ны. Биылғы жылы алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1 сыныпқа барған оқушылардың 70 пайызы осы қазақ тілінде білім алатындығын айтуымыз керек. Бұл қазақ тілінің мәртебесінің күннен күнге өсіп жоғарылап пайдалану аясының кеңейіп келе жатқандығын көрсетеді».
Қазіргі таңда, кейбір өнер адамдары, қазақ тілінде ән шырқап әлемнің назарын аударып жатыр. Алайда тіл мамандары бұл үрдіс уақытша дейді.
Нұргүл Қожабек, Тіл сарапшысы, «Калькасыз қазақ тілі» телеграм каналының авторы: «Егер адамдардың қызығушылығы тек сол болса, егер ол адам сол тіпті рептің өзіндегі ол жақтағы стилистикасына жету үшін мына жақтағы тілдің базасымен меңгеру керектігін түсініп соған сол жолға түссе онда құптарлық жағдай. Ал оны жай ғана тыңдап, бірақ басқа нәрсесін білмесе ауызекі күнделікті қазақ тілін қолдана алмаса олда мынау толқын сияқты бір буын көтеріледі де қайта басылып қалады».
Ұлттың негізі – тіл. Қазақ тілін білетін ұрпақ қана ұлттың болашағын жарқын ете алады.
Ботакөз Әнуар