Сарыағашта тозған газ желілері жаңартылып жатыр

фото Отырар.кз

«QAZAQGAZ AIMAQ» Шымкент өндірістік филиалының бес жылдық инвестициялық бағдарламасы аяқталуға жақын. Бүгін жобаның орындалу барысы көрсетіліп, негізгі жұмыстар таныстырылды. Аталған бағдарламаға сәйкес, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында ескі газ желілері жаңартылып жатыр.

Сарыағашта тозған газ желілері жаңартылып жатыр. Жыл соңына дейін аудан көлемінде 6700 метрден астам құбыр ауыстырылмақ. Мәселен, Дербісек ауылында заманауи полиэтиленнен жасалған жер асты құбырлары төселіп жатыр. Жауаптылардың сөзінше, жаңа технология тұрғындарға үздіксіз әрі сапалы көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік береді.

Ермек Қалдығұлов, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директоры: «Темір болат труба, газ құбырлары полиэтилен газ құбырына ауыстырылып жатыр. Жаңа технология қолданып. Болат трубаға қарағанда олар қызметтік мерзімі ұзақтау болады. 50 жылға. Темір тор ол 30 жыл болса. Және шығындарына келетін болсақ, бұл трубалар ұзақтау болған соң шығыны да аздау болады. Оған арнайы электр қорғау қондырғылары да керек емес. Жалпы төзімділігі жақсы полиэтилен құбырларын қолданып жатырмыз»

Сарыағаш ауданындағы газ құбырларының ұзындығы 1370 шақырымды құрайды. Бүгінде оның жартысынан астамы ескірген. Сол себепті қазір оларды жаңарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Ақылбек Әбілдиев, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры: «Дербисек елді мекенінде қазір жөндеу жұмыстары 4 ауылға қысқы жылыту маусыма аман-есен кіруіне, жалпы қыста қиналмай жылумен отыру үшін, 3000 абонентке газ әкелініп отыр»

Аудан аумағындағы қайта құру жұмыстарына 126 миллион теңгеден аса қаражат қарастырылған. Айта кетерлігі, бұл қаржы жергілікті бюджеттен емес, «ҚазақГаз Аймақ» мекемесінің инвестициялық жобалары арқылы бөлініп отыр.

Кенжеболат Көшекбаев,  Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Бізде инвестициялық бағдарлама 2 мемлекеттік органмен қаралады. Газды алатын болсақ, бұл жерде энергетика министрлігі бар. Сосын біз жергілікті департаменттер қарайды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің. Техникалық жағын энергетика министрлігі, ал қаражат жағының орындауын біздің департамент қарастырады»

Бұл инвестициялық жоба 2021 жылдан бері қолға алынған. Бағдарлама бойынша ескірген газ құбырларын ауыстыруға 4 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда Шымкент пен Түркістан облысындағы көгілдір отын желілері кезең кезеңімен жаңартылып жатыр.

Лаура Бабас