Үшінші мегаполисте ата-баба дәстүрін дәріптеп, ұлттық спорттың мәртебесін көтерген «Шымкент барысы» сайысы өтті. Доданың мақсаты – Қазақстан барысы турнирінде өңір намысын қорғайтын үздік палуанды іріктеу.
Аламан сайыс білектің күші мен жүректің жігерін шыңдаған палуандарды бозкілемде белдесуге жинады. «Жауырыны жер иіскемеген» кіл мықтылар ғана келесі кезеңге өтті. Әр спортшының көздегені – жеңіс пен жүлде. Солардың бірі – жас палуан Олжас Базарбай.
Олжас Базарбай, балуан: «Осы уақытқа дейін мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерімін. Бұл жарысқа жақсы дайындалдық. Құдай қаласа, жүлделі орын алып, Шымкенттің намысын Қазақстан барысында қорғауға ниеттіміз».
Дегенмен, жеңіс тұғырына өзгелер көтерілді. Әрбір жеңіліс – болашақ жеңістің баспалдағы. Бұл жолы 25 спортшы арасынан оза шыққан Нұрсұлтан Қожагелдіұлы – бірінші орын иегері атанды. Күміс белдік Мейіржан Әбдімәліковке бұйырса, Құрал Мадияр қола жүлдемен марапатталды.
Мамандар доданың нағыз мықтылар арасында өткенін айтады.
Ермек Дәрменов, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл сайыс 90 келіден жоғары салмақтағы түйе палуандар арасында өтті. Бір күнде үздіктер іріктеліп, нәтижесінде екі спортшы Қазақстан барысына жолдама алды».
Қазақ күресі – ер жігіттің қайратын, айласын, төзімін сынға салатын ұлттық өнер. Белдесу жастарды төзімділікке, батылдыққа баулиды. Мәслихат төрағасы да бұл спорттың мәні терең екенін атап өтті.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы: «Қазақ күресін дамыту – тек спортты емес, ұлттық дәстүрді жаңғырту. Бұл біздің тарихқа, ата-баба мұрасына деген құрмет. Себебі қанымызда бар, болмысымыздағы спорт түрін дамыту – парызымыз».
Тартысты өткен бәсеке көрерменге ерекше әсер қалдырып, қазақ күресінің – намыс пен қайсарлықтың мектебі екенін тағы бір дәлелдеді.
Ботакөз Әнуар